Танымал әнші Айдана Меденованың күйеуі әлеуметтік желідегі парақшасында отбасында болған ауыр жағдайды баяндады.
Әлішердің айтуынша, жұбайы қызын босану кезінде өмір мен өлімнің арасында қалған. Дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында ғана оның өмірі сақталып қалған.
«Менің Ханиым. Менің кенже қызым, менің бесінші балам. Өмірінің алғашқы минуттарын менің кеудемде өткізген жалғыз бөпем… Бұл мүлде жоспарланғандай болмады, біз Айдананы жоғалтып ала жаздадық… 2024 жылдың 17-нен 18-не қараған түні мен өмірімдегі ең ауыр сәтті бастан өткердім», – деп жазды Әлішер.
Оның сөзінше, бастапқыда бәрі қалыпты жүргенімен, кенеттен жағдай ушығып, дәрігерлер Айданаға шұғыл ота жасауға мәжбүр болған.

«Кенет тыныштық орнады. Бірнеше минуттан кейін медбике жүгіріп шықты, ал бас дәрігер: «Операциялық бөлмені дайындаңдар!» – деп айғайлады. 15 минуттан соң маған Ханифаны алып келіп, кеудеме жатқызды. Ал Айдана сол сәтте ес-түссіз, жедел операциядан кейін жатқан еді…
Алланың қалауымен бәрі жақсы аяқталды. Дәрігерлердің кәсіби шеберлігі мен жылдам әрекеті оның өмірін сақтап қалды», – деді ол.
Желі қолданушылары бұл жазбаға жүздеген жылы пікір қалдырып, отбасына амандық пен денсаулық тіледі.
«Алла сақтапты», «Көзімізге жас келді», «Бәрі жақсы болғанына қуаныштымыз», – деп жазды оқырмандар.