Танымал продюсер, әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова соңғы жылдары бұрынғы достарымен байланысы үзіліп, көпшілігімен араласуын тоқтатқанын айтты.
Гүлзира Айдарбекова блогер Анар Батырханға берген сұхбатында ұлы Қайрат Нұртастың достары және өзінің бір кездері араласқан ортасы жайлы ашық айтты.
«Қайратта дос жоқ. Бәлкім, бір-екеу ғана бар шығар. 40 адамның ішінен біреуі ғана шынайы дос болады. Мен оған үнемі айтамын: «Қайрат, сенде дос жоқ», – деп. Бұрын туған күнімді үшке бөліп өткізетінмін. Қайрат кішкентай еді. Сол кезде Ұлықпан Жолдасовтарды, Жанатбектерді шақыратынмын. Сонда әпкем айтатын: «Гүлзира, ертең осылардың бәрі қасыңда болмайды. Біреуінің өз мәселесі болады, біреуінің отбасы, біреуі сені көре алмайды. Егер бір-екі досың қалса, соған қуан», – дейтін. Солай болды да. Бұрын 50 досым болса, қазір соның бір-екеуі ғана қалды», – деді продюсер.
Айдарбекова сондай-ақ шоу-бизнес саласында достықтың сирек болатынын да атап өтті.
«Біреу танылып жатса, оны біреу аяқтан шалып жатады. Ал өзін құрбан етіп көрсетіп, жылап шықса, оны халық аяйды, содан кейін қатты өседі. Солай күйеуін жамандап, ажырасамын деп шыққан әйелдер де бар. Бұл – қазіргі қоғамның көрінісі», – дейді Гүлзира Айдарбекова.
Продюсердің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік оның ашықтығын және шынайылығын ерекше атап өтті.
