Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызының пәтерсіз қалу қаупіне қатысты өз алаңдаушылығын білдірді. Әнші бұл туралы әлеуметтік желіде жариялаған видеосында айтты.
Әншінің айтуынша, Айсұлудың “үйім жоқ, далада қалдым” деген сөзі өзіне қатты әсер еткен.
«Бай болсам, өзім-ақ алып берер едім»
Мақпал Жүнісова Айсұлудың жағдайына бейжай қарамай, әкімдікке хабарласып, мүмкін болатын көмекті сұрастырғанын жеткізді. Алайда әкімдік балансында тұрғын үйлердің жоқ екенін айтқан.
«Мен миллионердің әйелі емеспін, менде артық ақша болмайды. Бай болсам, өзім-ақ алып берер едім. Сондықтан “үй алып беремін” деп уәде бере алмаймын. Бірақ әкімдіктегі жігіттерге хабарластым, өкінішке қарай, қазір мұндай көмек қарастырылмаған», – деді халық әртісі.
Әнші Заманбек Нұрқаділов пен Иманғали Тасмағамбетов кезеңінде өнер адамдарына жиі үй берілгенін еске ала отырып, қазіргі жүйеде бұл мүмкін емес екенін айтты.
«Бар үмітім – Баян Мақсатқызында»
Мақпал Жүнісова марқұм Арман Дүйсеновтің продюсер Баян Алагөзованы қатты құрметтегенін, оның көптеген жобасына ән жазып, шығармашылық қолдау көрсеткенін атап өтті.
«Арман Баянды өте жоғары бағалайтын. Сондықтан үмітімді тек соған артып отырмын. Жолдасыңызбен ақылдасып, бір үй алып беріңіздер. Жарты ақшасын өзіміз жинап береміз. Өзім екі тойға барып, түскен ақшаны көмекке беремін. Бір пәтер алып берсеңіздер, абыройларыңыз одан сайын асқақтай түседі», – деді әнші.
Бұған дейін Айсұлудың жалғыз баспанасынан айырылып қалу қауіпі бар екені хабарланған еді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
