Кеше әлеуметтік желілерде отандық танымал «Нұр-Мұқасан» тобының музыканттары арасында жанжал туындағаны туралы ақпарат тараған еді.
Топтың жаңа мүшесі, әнші Ғалымжан, топтың солисі Мұқасан Шахзадаев пен оның достары өзін ұрды деп мәлімдеген. Айтылған ақпарат бойынша, Ғалымжанның қолы мен мұрны сынған. Жанжалдың себебі – рұқсатсыз ән жазу болған деп хабарланды.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми түсініктеме беріп, полицияға шағым түскенін растады:
«2024 жылдың 22 қарашасында Наурызбай аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын азамат М. және өзге де бірнеше тұлғалардың тарапынан оған дене жарақатын салу дерегі бойынша арызбен жүгінді. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу объективтілікті, толықтықты және жан-жақтылықты қамтамасыз ету қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі тергеу әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Оқиға медиа мен әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары жанжалдың өзінен ғана емес, музыка саласындағы авторлық құқық мәселесінен де пікір білдіріп, оның жанжалға себеп болғанын талқылауда.
