Қазақстанның аңыз боксшысы, Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров Геннадий Головкиннің World Boxing ұйымының президенті болып сайлануына, ұлттық құраманы басқаруға және отандық боксшылардан Олимпиада чемпионы шығаруға дайын екеніне қатысты пікір білдірді.
Головкин туралы айтарым жоқ. Біз байланыста емеспіз. Головкин – жүйені өзгерткісі келетін кезекті адам, оған сәттілік тілеймін! – деді Жиров Offside.kz сайтына берген сұхбатында.
Бұған дейін Жиров «Уақыт көрсетеді…» YouTube-арнасына берген сұхбатында қазақстандық боксшылармен жұмыс істеуге ниетін білдіріп, спорттық құрылымдарға сын айтқан болатын. Ол отандық боксты қолдауға дайын екенін ешкім бағаламай отырғанын атап өтті:
Спорт басқармасынан да, министрліктен де ешкім қоңырау шалмады. Геннадий Головкин де қоңырау шалмады, Сәпиев те. Мен біздің жігіттерден Олимпиада чемпионы жасай аламын, соңғы екі Олимпиадада біздің боксшыларымыздан чемпион шықпады. Мен қалай жасауға болатынын көрсетемін. Менде американлық, кеңестік, қазақстандық тәжірибе бар, көп түрлі тәжірибе жинақтадым. Арнайы бағдарлама да дайын, – деді Жиров.
Ол өз тәжірибесін беруге дайын екенін бірнеше рет жеткізгенін атап өтті:
Қазақстанға келген сайын көмектесуге дайын екенімді айтып отырамын, тыңдайды, бірақ кейін адамдар жоқ болып кетеді, қоңырау шалмайды.
Сонымен қатар Жиров спорт ардагерлеріне қатысты проблеманы да сөз етті:
Зал беруді қанша сұрадым, өз көзқарасымды айттым – ешқандай қолдау жоқ, тек сөйлеседі, болды. Ал Жұмаділовты көрсетті, енді оған көмектесіп жатыр. Ал мен сияқты, Жұмаділов сияқты спорт ардагерлері көп, біз көмектескіміз келеді.
Олимпиада чемпионының пікірінше, Қазақстан өзінің аңызға айналған спортшыларының тәжірибесін тиімді пайдалана отырып, әлемдік бокста көшбасшылықты қайта қалпына келтіре алады.
