2025 жылғы Құрлықаралық кубок финалында франциялық «Пари Сен-Жермен» бразилиялық «Фламенгоны» пенальти сериясында тізе бүктіріп, турнир жеңімпазы атанды.
Матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Кездесудің бастапқы минуттарында Фабиан Руис ПСЖ-ны алға шығарғанымен, төрешілер оның голын есепке алмады. Соған қарамастан, бірінші таймның соңына таман Луис Энрике шәкірттері есеп ашты. 38-минутта грузиялық жартылай қорғаушы Хвича Кварацхелия дәл соққымен көзге түсті.
Екінші таймда «Фламенго» таразы басын теңестірді. Италия құрамасының ойыншысы Жоржиньо пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Қалған уақытта екі команда да есепті өзгертетін мүмкіндік таба алмады. Нәтижесінде ойын овертаймға ұласып, қосымша 30 минутта да есеп өзгеріссіз сақталды.
Пенальти сериясында париждік клубтың жолы болды. Ресейлік қақпашы Матвей Сафонов қарсылас команда ойыншыларының төрт соққысын тойтарып, финалдың үздік ойыншысы атанды.
