Әйгілі The Ring журналы қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBF және WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын (17-0, 12 КО) рейтингісінен алып тастады. Бұған дейін 32 жастағы боксшы дивизиондағы бірінші орында тұрған еді. Алайда допинг-тестің оң нәтижесі салдарынан ол үздіктер қатарынан шығып қалды.
The Ring журналының хабарлауынша: «Бұрын бірінші орында тұрған Жәнібек Әлімханұлы осы айдың басында алынған VADA допинг-тестінің қолайсыз нәтижесінен кейін тізімнен алынды. Қалған боксшылар бір сатыға көтерілді, ал Хесус Рамос-джуниор алғаш рет рейтингке еніп, 10-орынға жайғасты».
Жаңартылған рейтинг бойынша орта салмақтағы көшбасшы – WBC чемпионы, Доминикан Республикасы өкілі Карлос Адамес (24–1–1, 18 КО). Үздік үштікте кубалық боксшылар Йоэнлис Эрнандес (8–0, 7 КО) және Эрисланди Лара (31–3–3, 19 КО) орналасқан.
Еске сала кетейік, 7 желтоқсанда Әлімханұлы Ларамен үш чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда қазақстандық боксшының допинг сынамасынан мельдоний табылып, кездесу тоқтатылды. Кейін Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен (36–5, 34 КО) рингке шығып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлына қатысты ішкі тергеу жалғасуда. «B» сынамасы 8 қаңтарға қайтадан талданады. Тергеу нәтижесі шыққан соң құқықтық баға беріледі.
