Конькимен жүгіруден 14 қараша мен 14 желтоқсан аралығында АҚШ, Канада, Нидерланд және Норвегияда өткен Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 12 лицензия жеңіп алды.
Лицензия иегерлерінің есімі мен спортшылар саны ұлттық құрама бас бапкерінің шешімінен кейін белгілі болады. Болжам бойынша, 2026 жылғы қысқы Олимпиадада конькимен жүгіруден ел намысын 5 спортшы қорғайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мәнерлеп сырғанау спортынан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина әлем чемпионатында олимпиадалық нормативті орындап, екі жолдама жеңіп алған еді. Сонымен қатар отандық шорт-трекшілер ел қоржынына тағы 9 жолдама салды. Бапкерлер штабының шешімімен Миланда Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан бақ сынайды. Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың үш түрінен 23 лицензия бар.
Олимпиадаға арналған нақты лицензия саны 2026 жылғы қаңтар айының соңында белгілі болады.
XXV қысқы Олимпия ойындары 2026 жылғы 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.
Лицензия бойынша ақпарат:
Ерлер:
500 метр – 1 лицензия
Әйелдер:
500 метр – 2 лицензия
1000 метр – 2 лицензия
1500 метр – 2 лицензия
3000 метр – 2 лицензия
5000 метр – 1 лицензия
Масс-старт – 1 лицензия
Командалық жарыс – 1 лицензия
