Алматы қаласында қазақ сахнасы мен кино өнерінің заңғар тұлғасы, халық әртісі Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
Қоштасу жиыны бүгін Қазақ ұлттық опера және балет театрында ұйымдастырылды. Қаралы шараға мәдениет пен өнер саласының көрнекті өкілдері, қоғам қайраткерлері, марқұмның әріптестері мен шәкірттері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
Асанәлі Әшімов 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келген. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін бітіріп, кәсіби актерлік білім алған.
Өмірін өнерге арнаған тұлға қазақ киносының алтын қорына енген көптеген туындыларда басты рөлдерді сомдады. Асанәлі Әшімов 1956-1961 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актерлік шеберлік бойынша білім алды. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң ол “Қазақфильм” киностудиясына штаттық актер ретінде қабылданды.
1964 жылы өнер иесі Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының труппасына қосылып, қазақ театр өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. Ол театр сахнасында елуге жуық рөлді сомдап, әр кейіпкері арқылы көрерменнің жүрегінен орын алды. Сахнада жасаған бейнелері тағдырлы, терең әрі есте қаларлық болуымен ерекшеленді.
Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклінде Керім, «Еңлік-Кебекте» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Айшуақ, «Таңғы жаңғырықта» Жарасбай образдарын шеберлікпен орындады. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымында Қодар рөлін сомдаса, Мұхамеджанов пен Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич бейнесін көрерменге ұсынды.
Сондай-ақ Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» трагедиясында Юлий Цезарь, М. Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И. Вовнянконың «Апат» спектаклінде бас кейіпкер рөлдерін орындап, актерлік шеберлігінің биігін көрсетті. Бұл қойылымдардың барлығында оның сахнадағы өнегелі қолтаңбасы айқын байқалады.
Қара шаңырақ театр сахнасындағы Асанәлі Әшімовтің соңғы ірі әрі күрделі жұмысы — Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен рөлі болды.
Асанәлі Әшімов кино саласына студент кезінен-ақ араласып, қазақ киносы тарихында отызға жуық кейіпкерді сомдады. Ол «Ән қанаты» фильмінде Қайменді, «Атаманның ақыры» картинасында Қасымхан Шадияров образын экранда шынайы бейнеледі.
«Жазушы» фильмінде Қаражалдың, «Нан дәмінде» директордың рөлін ойнаса, «Сіз кімсіз, К мырза?» фильмінде басты кейіпкерді сомдады.
Дегенмен, оның кино өнеріндегі ең жарқын әрі мәңгілік бейнесі — «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан образы. Бұл кейіпкер Асанәлі Әшімовтің есімімен қатар аталып, қазақ киносының алтын қорына енген ұмытылмас бейнеге айналды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
