Белгілі қоғам қайраткері, продюсер әрі әнші Қыдырәлі Болманов мемлекеттік марапатқа ие болды. Ол Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденімен наградталды.
Бұл қуанышты жаңалықты өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында өзі жариялады.
«Бүгін Бауыржан Момышұлы атындағы “Намыс” орденімен марапатталдық. Құрметті көрермен, бірінші Алла, екінші — сіздердің тілек-дұғаларыңыздың арқасы. Алла разы болсын, қазақ елі», — деп жазды Қыдырәлі Болманов.
Сондай-ақ, Ұлытау тобының мүшелері де арнайы төсбелгімен марапатталды. Продюсердің өмірдегі әрі өнердегі жары Қарақат Әбілдина жолдасына және топ мүшелеріне жүрекжарды құттықтауын арнады.
«Ар-намысын бәрінен жоғары қоя білген асыл азаматыма дәл “Намыс” орденінің берілуі өте лайықты әрі жарасымды. Қуаныштымыз! Тілектеріңізге мың алғыс. “Ұлытау” тобы, сендер біз үшін өнерлеріңмен де, адамгершіліктеріңмен де биіктесіңдер. 27 жыл сахнада жүргенде алған алғашқы төсбелгілерің құтты болсын!» — деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қыдырәлі Болманов мемлекеттік марапат алмағанын айтып, бұл мәселе жөнінде өз ренішін де білдірген еді.
