Танымал продюсер Баян Мақсатқызы бұрынғы жұбайы Бақытбек Есентаевпен қазіргі қарым-қатынасы жайында пікір білдірді.
Жанар Айжановаға берген сұхбатында продюсер экс-күйеуімен өзі араласпайтынын, алайда балалары мен немересінің әкесімен, атасымен байланысын үзбегенін айтты.
«Мен ол кісімен араласпаймын. Бірақ балаларым араласады. Ондай керемет әкені көрген емеспін. Немересі тіпті менен бұрын оған барып тұрады екен, “ата” деп атайды. Қызымның айтуынша, ол үнемі сыйлық пен жеміс-жидек алып барып тұрады», – деді Баян Мақсатқызы.
Сұхбат барысында ол ажырасу кезеңінің өміріндегі ең ауыр сәттердің бірі болғанын да жасырмады. Продюсердің айтуынша, сол жағдайдан кейін бұрынғы күйеуін толық кешіре алды ма, жоқ па – бұл сұраққа өзі де әлі нақты жауап таба алмай жүр.
«Шынын айтсам, бұл сұраққа дәл қазір нақты жауап бере алмаймын. Біздің ажырасуымыз интеллигентті түрде өткен жоқ. Егер бәрі сабырмен, сыпайы жағдайда аяқталғанда, мүмкін бәрі басқаша болар ма еді. Оны толық кешірдім бе, жоқ па – білмеймін. Бірақ мен ренішпен өмір сүргім келмейді. Балаларыма да, бұрынғы күйеуіме де өкпе артпаймын. Барша адамға шын жүректен бақыт тілеймін», – деп түйіндеді ол.
