Sports.ru шолушысы Андрей Клещенок 18 жасқа дейінгі әлемнің ең үздік 25 футболшысы рейтингін жариялап, оған Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевты қосты.
17 жастағы Сәтпаевтың трансферлік құқығы лондондық «Челси» клубына тиесілі. Қазіргі таңда ол «Қайрат» сапында жалға алу шартымен өнер көрсетіп жүр. Жоспар бойынша, футболшы биыл тамыз айында 18 жасқа толған соң Лондонға қоныс аударады.
Автордың мәліметінше, Дастан Сәтпаев «басқа бір футбол дәуірінің өкілі». Ол алаңда барлығын қатар атқара алатын ойыншы ретінде сипатталады: өз айып алаңынан қарсылас қақпасына дейін доп тасу, дриблинг жасау, 35 метрден соққы беру және доп үшін аянып қалмау — бәрі оның арсеналында бар. Клещенок Сәтпаевты қазіргі замандағы «ерлік футболының елшісі» деп атады.
Сарапшының пікірінше, жасына байланысты кемшіліктері де жоқ емес: ойын қарқыны бірқалыпты, кей тұста шикілігі байқалады. Дегенмен, ол тактика мен позицияға тәуелді емес, өз бетінше қауіпті сәттер тудыратын дара талант ретінде бағаланады.
Айта кетейік, рейтингтің үздік үштігіне «Барселона» ойыншысы Ламин Ямаль, «Челсидің» болашақ жұлдызы Эстевао және тағы бір каталондық футболшы Пау Кубарси енді.
