Beksports спорт порталы
Спорттан тыс

Атырауда жоғалған отбасы ісі: жаңа деректер пайда болды

Фото: Атырау полиция департаменті

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тұтас бір отбасының жоғалып кеткеніне бір айдан асты. Жергілікті тұрғындар Қарабалиндер әулетінің алты мүшесінен – ерлі-зайыпты, екі қызы, бір ұлы және күйеу баласынан – әлі күнге дейін хабар жоқ екенін айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі. 

Туыстарының айтуынша, жоғалар алдында отбасы қорадағы малдарын сатып, соңғы айдың зейнетақысын да алып кеткен. Алайда үй ішіндегі дүние-мүлікке қол тимеген: жиһаз, киім-кешек, тіпті тоңазытқыштағы сүт пен май сол күйі тұр.

Жақындары мұндай жағдайда алты адамның бірдей ізім-ғайым жоғалып кетуі мүмкін емес екенін айтып, күдік білдіруде.

Әсилә Мұқанғалиева, жоғалғандардың туысы:

«Үй жинақы, бәрі орнында тұр. Аң-таң болып отырмыз. Алты адам барлық затын тастап кетіп қалуы мүмкін емес. Бұл жерде бір гәп бар», – дейді ол.

Жоғалу хронологиясы

Көршілердің сөзінше, ең алдымен үйдің жалғыз ұлы Наурыз Мұқанғалиев «Ақтаудан жұмыс таптым» деп кетіп, қайта оралмаған. Ал қараша айында отағасы Мақсот Қарабалин жұбайын және мүгедектігі бар қызын дәрігерге қаратуға алып кеткен. Кейін оның тағы бір қызы мен күйеу баласының да хабар-ошарсыз кеткені анықталған.

Құда-құдағиларының бірден полицияға арыз түсірмегені де туыстарының күдігін күшейтіп отыр.

Әсилә Мұқанғалиева:

«Арызды неге түсірмей отырсыңдар деп айттық. “Түсірем” деді, бірақ әлі түскен жоқ. Іздеу тоқтап қалмаса екен деп тілейміз. Тірі табылса екен», – дейді ол.

Полиция не дейді?

**Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, жоғалғандар туралы ресми арыз он күн бұрын ғана тіркелген. Соған қарамастан, іздестіру жұмыстарына барлық күштік құрылымдар тартылған.

Құттыбай Садыков, Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

«Қазіргі таңда іздестіру шаралары республика көлемінде жүргізіліп жатыр. Барлық бағыт-бағдар берілді. Емдеу мекемелері, жеке ұйымдар тексерілуде. Азаматтардың құрылғылары Қазақстан аумағында қосылып-өшкені анықталды», – деді ол.

Әлеуметтік желідегі тың деректер

Әлеуметтік желілерде өзін хакер ретінде таныстырған азамат Наурыз Мұқанғалиевтің SIM-карталары ара-тұра қолданылып отырғанын, олардың геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелгенін мәлімдеді.

«Бұл нөмірлер арқылы WhatsApp-қа күніне бірнеше рет кірген. Қазақстан шекарасын заңды түрде кесіп өткендері туралы дерек жоқ. Түркістан облысында заңсыз өту арналары болуы мүмкін», – делінген жазбада.

Сондай-ақ туыстары қараша және желтоқсан айларындағы зейнетақы төлемдерін біреулер алып отырғанын, малдың WhatsApp арқылы сатылғанын айтады. Хат алмасу Наурыз Мұқанғалиевтің атынан жүргізілген.

Ал әлеуметтік желілерде тараған «банк картасы Бали аралында қолданылған» деген ақпарат ресми түрде расталмаған.

Журналист Гүлмира Абықай да бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жоғалғандардың саны төрт емес, алты адам екенін нақтылады.

«Наурыздың WhatsApp нөмірі жуырда ғана іске қосылып тұрған. Полиция мессенджер компьютер  арқылы қолданылғандықтан, нақты мекенжайды анықтау қиын болғанын айтты», – деп жазды ол.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып отыр. Жалған мәліметтер тергеу жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін екені ескертілді.

Ұқсас жаңалықтар

Гүлзира Айдарбекова Қайрат Нұртастың «соңғы концерті» туралы қауесетке жауап берді

Redaktor

Қайратқа демалу керек – Медеу Арынбаев

Redaktor

Тағы бір танымал әнші әйеліне әріптесімен опасыздық жасады деп айыпталып жатыр

Redaktor

Пікір жазу