Әйелдер арасындағы әлем чемпионы атағына үміткерлер турнирінің 4-турында қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева тең ойын өткізіп, турнирдегі көшбасшылық орнын сақтап қалды. Қазіргі уақытта ол украиналық Анна Музычукпен бірге бірінші орында келеді.
2026 жылғы 29 наурыз – 15 сәуір аралығында Кипрдегі Пейя елді мекенінде өтіп жатқан дода әйелдер арасындағы әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньнің болашақ қарсыласын анықтайды.
4-турда Бибісара қытайлық Тань Чжунъимен кездесіп, партия тең аяқталды. Қара тастармен ойнаған қарсыласы Тарраш қорғанысын таңдағанымен, партия барысында қазақстандық шахматшы шағын артықшылыққа ие болды. Дегенмен ферзьдер алмасқаннан кейін ойын логикалық түрде тең нәтижемен аяқталды.
Айта кетейік, турнир регламентіне сәйкес 41-жүріске дейін тең ойынға келісуге тыйым салынғанымен, позицияны үш мәрте қайталау арқылы партияны ерте аяқтауға мүмкіндік бар.
Төрт тур қорытындысы бойынша:
1–2 орын: Бибісара Асаубаева (Қазақстан) және Анна Музычук (Украина) — 2,5 ұпай
3–6 орын: Вайшали Рамешбабу, Александра Горячкина, Чжу Цзиньэр, Катерина Лагно — 2 ұпай
7–8 орын: Дивья Дешмух және Тань Чжунъи — 1,5 ұпай
