Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің бесінші турында «Қайрат» сырт алаңда Данияның «Копенгаген» командасымен кездесті
Алғашқы минуттардан-ақ алаң иелері ойынды өз бақылауына алуға тырысты. Олар көбірек шабуылдап, гол соғатын мүмкіндік іздеді. Осындай сәттердің бірінде 26-минутта Виктор Дадасон есеп ашты.
Екінші таймда да «Копенгаген» шабуылшыл ойын үлгісін жалғастырды. 59-минутта белгіленген пенальтиді Джордан Ларссон сәтті орындады. Ал 73-минутта Роберт Скутч гол соғып, есеп айырмасын ұлғайтты.
Соған қарамастан, алматылық команда ойын соңына қарай қарқын қосып, нәтижелі әрекеттерімен көзге түсті. 81-минутта Дастан Сәтпаев даниялық қақпашының қателігін пайдаланып, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы голын соқты. 90-минутта Олжас Байбек мергендік танытып, есепті қысқартты. Алайда бұл «Қайратты» жеңілістен құтқара алмады – 2:3.
Енді қазақстандық клуб келесі ойынын 9 желтоқсанда Астанада Грекияның «Олимпиакос», ал 2026 жылдың 20 қаңтарында Бельгияның «Брюгге» командасына қарсы өткізеді.
