Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының жаттығуына әйгілі украин боксшысы Василий Ломаченко келді.
Лома (Ломаченко) бокс залына келіп, спаррингімізді тамашалады және бізге сәттілік тіледі. Келгеніңе рақмет, сені көргеніме қуаныштымын, чемпион! – деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) кезекті жекпе-жегіне қызу дайындық үстінде. Ол 6 желтоқсанда WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 KO) жұдырықтасады. Бұл кездесуде үш чемпиондық белбеу сарапқа салынады.
Василий Ломаченко түрлі салмақ дәрежелерінде чемпион атанған. Ол 2014–2016 жылдары WBO нұсқасы бойынша жартылай жеңіл салмақта, 2016–2018 жылдары сол ұйымның екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде чемпион болды. Кейін жеңіл салмақта WBA, WBO және The Ring журналдарының белбеулерін біріктіріп, 2019 жылы WBC титулын да жеңіп алды. Ал 2024–2025 жылдары IBF және IBO тұжырымдары бойынша чемпион атанды.
Биыл маусым айында 37 жастағы украин боксшысы спорттық мансабын аяқтағанын жариялаған болатын.
