Beksports спорт порталы
ДзюдоЖаңалықтар

Дзюдода алатын шыңдарым алда — Нұрлан Үсенов

Жақында АҚШ-тың Лас Вегас қаласында өткен дзюдодан ардагерлер арасындағы Әлем Чемпионатында 66 келіге дейінгі салмақ арасында чемпион атанған Нұрлан Үсенов BekSport тілшісіне сұхбат берді.

Нұрлан, жеңісіңіз құтты болсын! АҚШ-тағы жарыс қалай өткені жайлы айтып бересіз бе?

— Рахмет! Әрине. Мен жалпы 3 кездесу өткіздім. Бірінші қарсыласым Американың спортшысы болды, мен оны таза лақтыру арқылы жеңдім. Екінші кездесуде Колумбия спортшысымен іштен ұстап тұрып, вазари рейтингін алдым. Содан кейін қолды ауыртып ұстап, таза жеңдім. Үшінші кездесу грузин дзюдошысымен финал болды, тартысты болды деп ойлаймын. Ең басында вазариге жеңіліп, соңғы секундтарда таза иппонмен кеудеден лақтыру арқылы жеңіске қол жеткіздім. Дегенмен қарсыластарым өте мықты болды деп айта аламын.

— Әлемнің біршама елінде дзюдодан өнер көрсетіп, жүлделі болдыңыз. АҚШ-қа жолыңыз қалай түсті? Алтын алу арманы болды ма?

— Шынымен де 15 жасымнан бері әлемнің біршама елінде өнер көрсеттім. Мысалы, 2008 жылы Өзбекстанда өткен халықаралық кубоктың жүлдегері атандым. 2009 жылы Ливанда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атандым. 2010 жылы «Мастерс» турнирінде Ресейде өткен I әлем кубогында үшінші орын, ал Германияда өткен I халықаралық кубоктың Бремен чемпионы атандым. Бұдан бөлек те әлемнің басқа да бірқатар елінде жарысып жүлделі орындар алдым. Шынын айтсам, Америкада дзюдодан ардагерлер арасында чемпион атанамын деп ойламадым. Әрине, АҚШ-та алтын алу әсері ерекше ғой. Мұнда барлық салмақ дәрежелері бойынша дзюдодан өте мықты спортшылар көп. Қазір күнделікті спарринг серіктестеріммен үлкен турнирлерде қолдануға болатын әртүрлі техникаларды жетілдіріп жатырмыз. Спортшы ретінде маған АҚШ-тың пайдасы зор боларына сенімдімін.

— Техника демекші, өзіңіз дзюдода қандай әдісті жиі қолданасыз?

— Жапондық «Ура наге», яғни кеудеге лақтыру бойынша мен 15 жылдан бері күресіп келемін. Жақында өткен әлем чемпионатының финалында осы әдісті қолдандым. Бұл лақтыруды орындау кезінде шабуылдаушы шабуылдаушыға қарама-қарсы немесе бүйірде тұрған қарсыласының денесін ұстап алады, отырады, денесін жерден көтеріп, артқа қарай еңкейеді, қарсыласын өзінен асыра лақтырады. Осы техниканы сәтті орындау үшін үлкен бұлшықет күші қажет, әсіресе арқа мен аяқтың экстензорлық бұлшықеттері мықты болғаны жақсы. Және артқа қарай құлау қорқынышы болмау керек. Құлау қорқынышын жеңу үшін жаттығуларда арнайы әдістер қолданылады, оның ішінде жұмсақ кілемшелер қолданылады.

— Дзюдомен жалпы қанша жыл айналысып келесіз?

— Дзюдомен 9 жасымда айналыса бастадым. Алғашқы бапкерім – Қазақстан, Азия чемпиондарының бірнеше бапкері, халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындаған Мақсат Әділбеков деген кісі. 2008 жылы облыстық жарыста жеңімпаз атанып, барлық спорттық нормативтерден сүрінбей өтіп, Ахметов атындағы республикалық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға түстім. 2012 жылы спорт мектебін тәмамдағаннан кейін Республикалық олимпиадалық резерв колледжіне оқуға түсіп, 3 жыл білім алдым. 2008-2014 жылдар аралығында республикалық деңгейдегі барлық жарыстарда жеңімпаз атандым, ұлттық құрама сапында болдым. Ал 2017-2020 жылдар аралығында Спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, “Дене шынықтыру және спорт” мамандығы бойынша бітірдім.

— Нұрлан, дзюдодан алдыңызға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

— Әрине. 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында дзюдодан бақ сынауға ниеттеніп отырмын. Қазіргі уақытта АҚШ-та шеберлігімді шыңдап, спорттық мүмкіндіктерімді арттыруға тырысып жатырмын. Дзюдодан алатын белестер әлі де таусылмады деп үміттенемін. Менің жоспарларыма тек ең мықты және ең үздік спортшылармен жаттығу, турнирлерде өнер көрсету және, әрине, халықаралық аренада сәтті өнер көрсету кіреді.

Сұхбаттасқан — Аян Қайырбаев

Суреттер спортшының жеке мұрағатынан алынған

Ұқсас жаңалықтар

Шавкат Рахмоновтың менеджері келесі жекпе жегі жайында айтты

Redaktor

Александр Бублик әлемдік рейтингіде рекордтық 17-орынға көтерілді

admin_beksports

Қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай UFC-ге жолдама алды

Redaktor

Пікір жазу