Танымал режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жары Назира Бақаева ажырасуына не себеп болғанын алғаш рет ашық баяндады. Ол Qysqa Söz YouTube-арнасына берген сұхбатында некедегі басты шиеленіс нүктелерінің бірі актриса Алмира Тұрсын болғанын айтты.
Айта кетейік, Алмира Турсын тарихи «Томирис» фильмінде басты рөлді сомдаған.
Назира Бақаеваның айтуынша, бұл тақырып төңірегіндегі қауесеттер оның әлеуметтік желіде Алмира Тұрсынмен түскен ортақ фотосын жариялағаннан кейін күшейе түскен. Ол сол кезде актрисаны Рамазан айындағы ауызашарға шақырғаны үшін алғыс білдіргенін, жазбаның ешқандай жеке астары болмағанын атап өтті. Алайда желі қолданушылары бұл жазбадан өз тұжырымдарын жасаған.
«Иә, қазір аудитория үшін ашық айта аламын, бұл – ажырасуымыздың негізгі себептерінің бірі болды», – деді ол.
Сонымен қатар Назира Бақаева көп әйел алуды қабылдай алмағанын жеткізді. Өзін мұсылманмын деп санайтынын айта отырып, діни тұрғыда мұндай ұстанымды жоққа шығармайтынын, алайда жеке өзі мұндай өмір салтына дайын емес екенін мойындады.
Оның айтуынша, ажырасу тосыннан қабылданған шешім емес. Бұл бірнеше айдың емес, жылдарға созылған ой елегінен, әңгімелер мен ішкі күрестің нәтижесі. Бұл үдерісте ең басты орында әрдайым балалар мен жақындарының мүддесі тұрған, ал қоғам пікірі соңғы кезекте болған.
Дегенмен Назира Бақаева Ақан Сатаевтың әке ретіндегі еңбегін жоққа шығармайтынын атап өтті. Оның сөзінше, режиссер жауапты әке болып қала береді, балалар әкесімен бірге тұрады және бұл – екеуінің ортақ, саналы шешімі.
Сондай-ақ ол араларындағы кейбір келісімдердің әлі күнге дейін орындалмағанын, бұл мәселе өзіне ауыр тиетінін де жасырмады. Соған қарамастан, сабыр сақтауға тырысатынын айтты.
Айта кетейік, Назира Бақаева мен Ақан Сатаев 25 жыл некеде болып, бес бала тәрбиелеген. Олардың ажырасқаны туралы ақпарат 2020 жылы белгілі болған еді.
