Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов КСРО және Қазақстанның халық әртісі, қазақ өнерінің аңызы Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты жантебірентерлік жазба жариялады.
Өнер иесі марқұм ағаға деген терең құрметін, сағынышын және өмірлік сабақтарын тебірене жеткізді. Жазбада ол Асанәлі Әшімовтің асқақ болмысын, қаталдығының астарындағы тәрбиені, ағалық өнегені ерекше ілтипатпен еске алады.
«Асқар тауымыз едің – аласармадың… Аспанға кеттің… Мәдиіңді ойлап мұң байладың… Сағиыңды сағынып сал шекпен жамылдың… Қатарыңнан жалғыз едің – соңдарынан кеттің… Қатарымнан жалғызбын — арттарында қалдым…. Ағалық жасап арқамнан қақпадың — әлжуаздықтан сақтадың…Көкем болып, көңілімді өсірмедің – кішілігім кем боп жақпадым… Жерлес ретінде жығылғанымда жебемедің – өз күшіме сендірдің… Сүйеніш болмадың — жансірілікке үйреттің… Тірегім болмадың – табаным таймастай тағаладың… Белімді бумадың — бекемдікке баулыдың… Алдымда жүріп, адымымды ұзарттың… Соңыңда қалдырмадың – ізіңде жүргенімді сездің… Қатарымды тептің… Тізеңді батырдың – Мен кештім… Биіктігіңе парапар, Пенделігіңді көрдім –Өзің де кеш… Өкпеге қисам да, Өлімге қимадым… Сарыуайым – Сағынышқа айналдың… Қош… Бақыл бол…», — деп жазды ол.
