Әнші Айдар Тұрғанбек екінші некесіне қатысты тың мәлімдеме жасады. Өнер иесі болашақ жарын Өзбекстанмен шекаралас өңірлерден әдейі іздеп, «келісіммен алып қашқанын» айтты.
«Келісіммен алып қаштым. Шымкентке бір қора әнші болып, арнайы ұшақ жалдап тойға бардық. Әйгерім шығып тұрды. Қайтарда Әйгерімді алып қайттық», – деді ол «1001 түн» бағдарламасында берген сұхбатында.
Айдардың айтуынша, ол болашақ жұбайын таңдағанда менталитетке ерекше назар аударған.
«Жарды оңтүстіктен, Жетісай, Сарыағаш, Ташкентке шекаралас жақтардан арнайы іздедім. Өзім Сарыағашта өстім. Теледидардан 2000-жылдарға дейін Өзбекстанның арналары ғана көрсетілетін. Өзбектердің сериалдарын көріп өстік. Күйеуін сыйлап, “сіз” деп сөйлеу, “отағасы”, “қожайын” деу ол жақта дамып кеткен», – дейді әнші.
Ол жарымен үйленбей тұрып көп кездеспегенін де жасырмады.
«Бір-бірімізді үш рет қана көрдік. Содан отау құрдық. Үйленгеннен кейін тәтті қылықтары шыға бастады. Бір-бірімізді жақын таныған сайын махаббатымыз артты», – деді Тұрғанбек.
Айдар Тұрғанбек жұбайды әркім өз өңірінен таңдаған дұрыс деп санайды.
«Менің ұстанымым – әркім өз ортасынан жар таңдаса, тезірек үй болып кетеді», – деді ол.
Еске салайық, әнші бұған дейін ақтаулық қызбен шаңырақ көтерген болатын.