«Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының төртінші турындағы миландық «Интерге» қарсы матчтан кейін алған әсерімен ASnews.kz басылымына берген сұхбатында бөлісті. Миланда өткен кездесу алаң иелерінің пайдасына 2:1 есебімен аяқталды.
Жеңіске жеткіміз келді, бірақ болмады. Бар эмоциямызды, бар күшімізді салдық. Қарсыласымыз – бәріңіз білетін «Интер». Қиын боларын білдік, бірақ оларға қарсы ойнауға болатынына көз жеткіздік. Қақпама көп гол жібермеуге тырыстым, команда да маған барынша көмектесті. Әр ойын алдында болатын толқу бұл жолы да болды. Бірінші таймда гол жібергеннен кейін сәл жеңілдеп қалдым.
Ең қиын сәттердің бірі – қарсыласпен бетпе-бет шыққанда аяғыммен допты қайтарған кез болды. Мартыновичтің жоқтығы қатты білінген жоқ – Широбоков өзін жақсы көрсетті, үлкен ынта қойды. Жанкүйерлердің қолдауын анық сездік – бірінші таймда олар біздің қақпамыздың артында отырды. «Сан-Сиро» стадионында «Қайраттың» жанкүйерлік даусын есту – ерекше сезім.
Біз ұпай аламыз деп сендік, «Интерге» қарсы да сенім болды, бірақ сәттілік жетіспеді. Алда ұлттық құраманың ойындары бар, аздап демалып, келесі матчтарға дайындықты бастаймыз. Ойыннан кейін Ян Зоммермен сөйлестім, одан жейдесін сұрадым, – деді Анарбеков.
Осылайша, алматылықтар турнир кестесінде 36 команданың ішінде 34-орында қалды. Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері бір ұпаймен португалиялық «Бенфика» мен амстердамдық «Аяксты» (олар әзірге ұпай жинамаған) басып озды.
«Қайраттың» келесі матчы 26 қараша күні сырт алаңда Данияның «Копенгагеніне» қарсы өтеді.
