Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, әлемге әйгілі боксшы Геннадий Головкин World Boxing ұйымын басқаруға жалғыз үміткер ретінде қалды. Бұған дейін ұйым президенттігіне үміткер болған Грекия бокс федерациясының президенті Харис Мариолис өз кандидатурасын ресми түрде қайтарды.
Енді жаңа басшыны сайлау рәсімі апта соңында Римде өтетін World Boxing халықаралық конгресінде делегаттар арқылы жүзеге асады. Геннадий Головкиннің кандидатурасы ұйымның даму бағыты, спортшыларды қолдау және халықаралық деңгейде бокс турнирлерін өткізу тәжірибесін ескере отырып ұсынылып отыр.
Естеріңізге салайық, Головкин – орта салмақта бірнеше рет әлемдік чемпиондық белбеулерді иеленген танымал спортшы, халықаралық деңгейде үлкен тәжірибесі бар тұлға. Оның басшылығында World Boxing ұйымы спорттық этика мен әділ бәсекелестік қағидаларын нығайтып, жаңа халықаралық жобалар мен турнирлерді іске қосуы мүмкін деп күтілуде.
