Қазақстандық кәсіпқой боксшы, IBO, WBF және WIBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Ангелина Лукас Біріккен Араб Әмірліктеріне келгенін хабарлады. Спортшы 3 желтоқсан күні WBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы белбеуін сарапқа салатын жекпе-жекке қатысуды жоспарлап отыр.
Ангелина Лукас әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қалайсыңдар, достар? Барлығыңа сәлем! Мен Араб Әмірліктерін бағындыруға келдім. 3 желтоқсан, Agenda Arena – WBF версиясы бойынша әлем чемпионы атағы үшін айқас. 3 желтоқсанда кездесейік! Алға, Қазақстан!» – деп жазды.
Бұл жекпе-жекте Лукас кіммен күш сынасатыны әлі ресми жарияланған жоқ.
Айта кетейік, 14 қарашада Мысырда өткен WBA Gold World белбеуі үшін өткен кездесуде Ангелина Лукас жеңіліп қалған еді. Алайда келесі күні бұл айқас ресми түрде есепке алынбағаны хабарланды.
