Америкалық танымал журналист әрі инсайдер Стив Ким Теренс Кроуфордтың кәсіпқой бокс мансабын аяқтау туралы мәлімдемесіне Қазақстанның орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты жағдай да ықпал еткенін алға тартты.
Бұған дейін Кроуфорд спортта «дәлелдейтін ештеңе қалмады» деп, мансабын аяқтауға ниетті екенін жариялаған болатын. Стив Кимнің пікірінше, бұл шешімге бірнеше фактор әсер еткен, соның ішінде Жәнібекке байланысты оқиға да бар.
Маған жеткен ақпаратқа сүйенсек, Кроуфордтың мансабын аяқтау туралы шешіміне Жәнібекке қатысты жағдай белгілі бір дәрежеде әсер еткен, – деп жазды журналист X әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы Теренс Кроуфордтың ықтимал қарсыластарының бірі ретінде қарастырылған. Америкалық боксшы орта салмаққа ауысып, абсолютті әлем чемпионы атағын төртінші рет жеңіп алуды мақсат еткен. Алайда бұл жоспарлар Жәнібектің допинг сынамасынан мельдоний анықталып, 7 желтоқсанға жоспарланған Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жектің тоқтатылуына байланысты жүзеге аспай қалды.
