«Манчестер Юнайтед» пен Ресей құрамасының бұрынғы ойыншысы, қазіргі таңда Брянскінің «Динамо» клубында бас бапкер әрі функционер қызметін атқарып жүрген Андрей Канчельскис Қазақстан мен Өзбекстан футболының даму деңгейін салыстырып, ұлттық құраманың әлем чемпионатына шыға алмау себептеріне тоқталды.
Маманның айтуынша, соңғы жылдары Өзбекстан футболы айтарлықтай алға жылжыған. Бұл елдің әлем чемпионатына алғаш рет жолдама алуы мен өзбекстандық қорғаушы Абдуқодир Хусановтың Англия премьер-лигасында өнер көрсетуі соның айқын дәлелі.
Қазақстанда да қабілетті футболшылар бар. Алайда футболдың жүйелі дамуына кедергі келтіретін мәселелер өте көп. Өзбекстандағы инфрақұрылым – посткеңестік кеңістіктегі ең үздіктердің бірі. Онда футболды жақсы түсінетін мамандар жұмыс істеп, инфрақұрылымды дамытуға, балалар мен жасөспірімдер футболына инвестиция салуға басымдық берді. Өзбекстанда қызмет еткеніме өте қуаныштымын, өйткені онда барлығы футболды алға жылжытуға мүдделі, – дейді Канчельскис.
Оның айтуынша, Қазақстанда бастама көтергенде кей жағдайда оны түсінбестікпен қабылдайтындар бар. «Кейбіреулер инфрақұрылымды өзімізбен бірге алып кеткелі жүр деп ойлайды. “Мұның қажеті не?” деген көзқарас та кездеседі», – деді ол.
Сондай-ақ маман алаң сапасына ерекше тоқталды. «Қазақстанда синтетикалық алаңдардың көптігі футболдың дамуына кері әсер етіп отыр. Мысалы, Қостанайда екі-ақ алаң бар: біреуі – табиғи, екіншісі – манеждегі жасанды алаң. Мұндай жағдайда сапалы футбол ойнау қиын», – деді ол.
Канчельскис елде жаңа стадиондар салу жоспары бар екенін атап өтіп, бірақ қағаз жүзіндегі жоспар нақты іске ұласуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар ол ұлттық құраманың және алматылық «Қайраттың» жетістіктері футболға деген қызығушылықты арттырғанын да жоққа шығармайтынын айтты.
Айта кетейік, Андрей Канчельскис Өзбекстанда «Навбахор» клубын жаттықтырған, ал Қазақстанда Қостанайдың «Тобол» клубында басшылық қызмет атқарған.
