Белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова отбасылық өмір, ажырасу және қазіргі қоғамдағы құндылықтар туралы ашық пікір білдірді.
Продюсердің айтуынша, бүгінде ажырасуды жетістікке жетудің «дайын жолы» ретінде насихаттайтын әңгімелер көбейіп, бұл жастардың санасын улап жатыр.
«Күйеуімнен қиындық көрдім, ұрды-соқты, шыдап келдім, түк тапқан жоқпын, содан ажырасып кеттім. Ажырасқан кезде қиналдым, кейін жұмыс істедім. Қазір көтерілдім, виллам бар, джипім бар деп жұртқа сабақ беретіндер көп. Осындай сөздер жастардың миын айналдырады. Олар ақыл айтатын адам емес. Керісінше, ене мен келіннің арасына от салады», – деді Гүлзира Айдарбекова.
Ол отбасындағы сыйластық, әйел мен ер азаматтың орны нақты болуы керек екенін ерекше атап өтті.
«Бізге аналарымыз әйел адам бір табан кішірейіп тұруды, ата-ене мен азаматты сыйлауды үйретті. Қазір ер азаматтың қадірі қалмай барады. Бәрін әйел басқаратын, еркек әйелдің айтқанымен жүретін заманға жеттік. Әр нәрсенің өз орны бар. Қыз күніңде еркелейсің, ал ана болғанда бір шаңырақтың түтінін түтетемін деп келесің. Қартайған ата-ананы тастап кетуге болмайды. Өз өміріңді сүретін уақыт та келеді», – деп түйіндеді продюсер.
Айдарбекованың бұл пікірі желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, қоғамдағы отбасы құндылықтары жөнінде түрлі көзқарас тудырды.
