Әлемнің бесінші ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакина Аустралияның Брисбен қаласында өтетін WTA 500 турнирі қарсаңындағы баспасөз мәслихатында жаңа маусымды қандай жағдайда бастап жатқанын айтты.
«Қазір өзімді бұрынғыға қарағанда жақсы сезінемін, бірақ аяғым әлі де мазалайды. Бұл мәселе бірнеше маусым бойы жалғасып келеді: кейде жеңілдейді, кейде қайта күшейеді. Біз жағдайды бақылауда ұстауға тырысып жатырмыз. Кейбір апталар оңай өтеді, кейбірі қиындау. Әзірге бәрі тұрақты, ең бастысы – асқынып кеткен жоқ. Қалыпты режимде жұмысымызды жалғастырып жатырмыз», – деді Рыбакина.
Сондай-ақ ол жанкүйерлер тарапынан ірі жетістіктер күту қысым тудырмайтынын атап өтті.
«Әрине, жыл сайын алдыңғы маусымнан жақсырақ ойнағым келеді. 2025 жыл мінсіз басталмағанымен, керісінше өте сәтті аяқталды – бұл өзіме деген сенімділікті арттырды. Дайындыққа уақыт аз болса да, алға жылжуға болатынын көрсетті. Бұл – қосымша мотивация. Жаңа маусымда бар күшімді саламын. Ең бастысы – денсаулықты сақтау және маусымды толық өткізу. Мақсат өзгермейді: денсаулық, ойыннан ләззат алу және, әрине, ірі титулдар», – деді ол.
Айта кетейік, Уимблдон-2022 чемпионы Елена Рыбакина бұған дейін де алдағы маусымға қатысты жоспарларымен бөліскен болатын.
Australian Open–2026 турнирі қарсаңында Қазақстанның бірінші ракеткасы Брисбенде өтетін жарысқа қатысады. Өткен маусымда Рыбакина WTA Қорытынды турнирінің жеңімпазы атанған еді.
