Италияның Милан мен Кортина д’Ампеццо қалаларында өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының басталуына бір айдан аз уақыт қалды.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы бірнеше спорт түрі бойынша Олимпиада жолдамаларын иеленіп үлгерді.
Іріктеу кезеңі мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру спорттарында аяқталды.
Мәнерлеп сырғанау
Қазақстан алғашқы жолдамаларды Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина арқылы жеңіп алды. Екеуі де 2025 жылғы Бостондағы әлем чемпионатында іріктеу талаптарын орындады. Шайдоров бұл жарыста күміс жүлдегер атанды.
Шорт-трек
Қазақстан атынан Олимпиадаға төрт спортшы қатысады: Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан. Ұлттық құрама Италияда тоғыз дисциплина бойынша бақ сынайды. Алғашқы жүлделер 10-11 ақпанда сарапқа салынады.
Конькимен жүгіру
Қазақстандық спортшылар 12 дисциплинада өнер көрсетеді. Әйелдер арасында 500, 1000, 1500, 3000, 5000 метр, масс-старт және командалық із кесу жарыстарына жолдамалар алынған. Ерлер 500 метрде бақ сынайды. Конькишілер алғашқы жарысын 7 ақпанда өткізеді.
Барлық елдер бойынша квоталарды қайта бөлу нәтижесі 23 қаңтарда жарияланады. Қалған спорт түрлеріндегі іріктеу 19-20 қаңтарда аяқталады.
Айта кетейік, 2026 жылғы қысқы Олимпиада 6-22 ақпан күндері өтеді.
Фото: ҰОК
