Beksports спорт порталы
Басты ақпаратЖаңалықтарФутбол

«Ақтөбе» клубындағы дау неден туындады?

"Ақтөбе" ФК баспасөз қызметі

Қазақстандағы ең атақты әрі жанкүйері ең көп клубтардың бірі – «Ақтөбе» өз тарихындағы жаңа кезеңге қадам басты. 2026 жылдың 8 қаңтарынан бастап клуб ресми түрде Qazaq Stroy Properties жекеменшік компаниясының иелігіне өтті.

Бес мәрте Қазақстан чемпионы атанған «Ақтөбе» үшін бұл – тарихи оқиға. Клуб толықтай мемлекеттік қаржыландырудан бас тартып, нарықтық басқару үлгісіне көшті. Бұл шешім «қызыл-ақтардың» тек спорттық емес, экономикалық тұрғыда да тұрақты жобаға айналуын көздейді.

Жаңа қожайынның стратегиясы

Инвестор клубқа қысқа мерзімді мақсатпен емес, ұзақмерзімді бизнес-жоба ретінде келіп отыр. Qazaq Stroy Properties «Ақтөбені» дамытудың арнайы жол картасын ұсынып, оны бес негізгі бағытқа бөлді:

Спорттық тұрақтылық – негізгі команданың нәтижесін жақсартып, трофейлер үшін күресу;

Болашақ ұрпақ – аймақтағы балалар-жасөспірімдер футболын дамыту, таланттарды іздеу;

База мен стадион – клуб академиясы мен инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту;

Менеджмент – басқаруда халықаралық стандарттарды енгізу, ашықтықты қамтамасыз ету;

Жанкүйерлермен жұмыс – елдегі ең белсенді фан-қозғалыспен ашық диалог орнату.

Жанкүйерлер жаңа директорға қарсы шықты

Алайда меншік иесінің ауысуы клуб ішінде ғана емес, жанкүйерлер арасында да үлкен резонанс тудырды. Арман Оспановтың «Ақтөбе» футбол клубының директоры әрі басқарма төрағасы болып тағайындалуы фанаттардың наразылығына себеп болды.

Белсенді жанкүйерлер қозғалысы Оспановтың отставкаға кетуін талап етіп, клубтың тек басқару креслосы емес, бүкіл облыстың символы әрі қаланың мақтанышы екенін атап өтті.

«Ақтөбе» клубы – бұл тек эмблема, құрам немесе автобус емес. Бұл – өңірде және елден тыс жерде өмір сүріп жатқан, өз клубын шын жүрегімен сүйетін ақтөбеліктер», – деп мәлімдеді жанкүйерлер.

Наразылықтың басты себебі

Фанаттардың негізгі уәжі – Арман Оспановтың бұрынғы мәлімдемелері. Жанкүйерлер оның бір кездері «Ақтөбе» фанаттарын кемсітіп, ауыр сөздер айтқанын кешіре алмай отыр. Сонымен қатар, Оспановтың алматылық «Қайрат» фан-қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болғаны да сенімсіздік тудырды.

Рационализм мен фанаттық дәстүр қақтығысы

Арман Оспанов үнсіз қалмай, жанкүйерлерге арнайы үндеу жасады. Оның айтуынша, клуб иесі – кәсіпкер Нұрлан Артықбаев оны фанаттық көзқарасы үшін емес, кәсіби менеджер ретінде шақырған.

«Мен бұл клубқа басқа бір команданың жанкүйері ретінде келген жоқпын. Мен – кәсіби басқарушымын. Сондықтан эмоцияны рационал ойдан бөлуіміз керек. Кадрлар фанаттық талғаммен емес, кәсіби қабілетіне қарай таңдалады», – деді Оспанов.

«Басқа клубтарға жұмыс істейді» деген айыптауларға жауап

Жанкүйерлердің тағы бір алаңдаушылығы – жаңа басшының бұрын жанашырлық танытқан клубтардың мүддесіне жұмыс істеуі мүмкін деген күдік. Алайда Оспанов бұл пікірді қатаң түрде жоққа шығарды.

Оның айтуынша, қызметтік кабинетке кірген сәттен бастап барлық жеке симпатиялар есіктің сыртында қалады, ал «Ақтөбенің» мүддесі – бірінші орында.

Сондай-ақ ол футбол тарихынан мысал келтіріп, Константин Бесков пен Маурицио Сарри секілді мамандардың бұрынғы қарсыластарында табысты жұмыс істегенін еске салды.

Кешірім сұрау мәселесі ашық күйінде қалды

Жаңа басшылық пен жанкүйерлер арасындағы текетірес әзірге шешімін тапқан жоқ. Подкаст жүргізушісі Асхат Қалжанов эфир барысында Арман Оспановты жанкүйерлерден ашық түрде кешірім сұрауға шақырды.

Алайда клуб басшысы тек «өкініш білдірумен» шектеліп, бұрынғы көзқарасынан толық бас тартпады.

«Егер сөзімнің формасы біреуге ауыр тисе, өкініш білдіремін», – деді ол.

«Өкініш пен кешірім – екі бөлек нәрсе», – деп нақтылады жүргізуші.

«Мен өз позициямды өзгертпеймін, бірақ эмоция тудырғаны үшін өкініш бар», – деп жауап қатты Оспанов.

Қақтығыс қалай басталды?

Еске сала кетейік, Арман Оспановтың «Ақтөбеге» тағайындалуы 2026 жылдың 8 қаңтарында белгілі болып, бірден қызу реакция туғызды. Алғашқы баспасөз мәслихатында «13 сектор» фан-қозғалысының өкілдері залға кіріп, жаңа басшының алдына әлеуметтік желідегі ескі жазбалары басып шығарылған парақтарды қойды.

Қазіргі таңда «қызыл-ақтардың» жаңа дәуірі басталғанымен, клуб басшылығы мен белсенді жанкүйерлер арасындағы диалог әлі де күрделі күйінде қалып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақ қыздары Албаниядағы турнирде алтын медаль жеңіп алды

Redaktor

Рафаэль Уразбахтин: Дастан Сәтпаев жарақатынан айықты, толық дайын

Redaktor

Әмір Омарханов алғаш рет АТР рейтингіне енді

Redaktor