Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы Australian Open-2026 турнирінің жартылай финалына жолдама алды. Бұл — 17 жастағы спортшының Аустралия ашық чемпионатындағы ең жоғары нәтижесі.
Жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингте 12-орында тұрған Заңғар турнирде 8-ракетка ретінде тіркелген.
Ширек финалда қазақстандық теннисші Гонконг өкілі Кай Томпсонмен кездесті. Кездесу Мельбурндағы Маргарет Корт аренасы кешенінде өтіп, үш сетке созылды – 3:6, 7:6 (7:4), 6:4.
Алғашқы партияда Томпсон 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сет аса тартысты өтіп, тай-брейкте Заңғар бесінші сетболда жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:4).
Үшінші партияда есеп 3:1 болған сәтте Томпсон доп бергенде, Заңғар Нұрланұлы аяқ бұлшық етінен жарақат алып қалды. Ақсаңдап жүрсе де, ол брейк жасап, есепті 4:1-ге жеткізді. Қарсыласы бір геймді қайтарғанымен, қазақстандық матчқа доп бергенде мүмкіндігін мүлт жібермей, кездесуді жеңіспен аяқтады – 6:4.
Екі сағат 50 минутқа созылған ойында Заңғар 3 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Томпсон еншісінде 4 эйс пен 4 брейк бар.
Жартылай финалда Заңғар Нұрланұлы америкалық Китон Ханс пен Қытай Тайбэйінің өкілі Куан-Шу Чен жұбының жеңімпазымен кездеседі. Бұл матчта финалға жолдама сарапқа салынады.
Айта кетейік, Заңғар Нұрланұлы өткен жылы жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан тұңғыш рет АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен болатын.
«Осындай ауыр матчта жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Келесі ойынға дейін жарақатымды емдеп, бабымды қалпына келтіруге тырысамын. Жартылай финалға шығу – бір мақсатым еді. Енді Аустралия чемпионатында титул алғым келеді», — деді Заңғар Нұрланұлы матчтан кейін.
