Алматылық «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков 2025/26 маусымындағы UEFA Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің үздік бес қақпашысының қатарына енді.
UEFA жариялаған статистикалық мәліметтерге сәйкес, негізгі кезеңде өткізген алты матчта Темірлан 36 сейв жасап, 13 гол өткізіп, бір кездесуде қақпасын «құрғақ» сақтады. Бұл көрсеткіш оны турнирге қатысқан барлық командалардың қақпашылары арасында үздік үштікке шығарды. Анарбеков бұл орынға франциялық «Марсель Олимпик» клубының қақпашысы Херонимо Руллимен (36 сейв) бірге жайғасты.
Рейтингтің көш басында норвегиялық «Будё-Глимт» клубының қақпашысы Никита Хайкин тұр – ол сегіз матчта 49 сейв жасап, 15 гол жіберген. Екінші орында мадридтік «Реал Мадрид» қақпашысы Тибо Куртуа (41 сейв, 9 гол, екі «құрғақ» матч). Бесінші орынға Праганың «Славия Прага» командасынан Индржих Станек (34 сейв) орналасты.
Айта кетейік, Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы екі турды жарақатына байланысты өткізіп алды. Бұл кездесулерде «Қайрат» қақпасын Шерхан Қалмырза қорғап, 11 сейв жасаған болатын.
Негізгі кезең барысында «Қайрат» Португалияның «Спортинг» клубына – 1:4, Испанияның «Реал Мадрид» командасына – 0:5, Италияның «Интер» клубына – 1:2, Грекияның «Олимпиакос» командасына – 0:1, Данияның «Копенгаген» клубына – 2:3, Бельгияның «Брюгге» командасына – 1:4 есебімен есе жіберіп, Кипрдің «Пафос» клубымен 0:0 есебімен тең түсті.
