Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында «Астана» мен «Қайсар» командалары кездесті. Матчтан кейін Григорий Бабаян «Астананың» қазіргі жағдайға қатысты пікір білдірді.
Бізден көп футболшылар кетті. Бірі Ресейде ойнап жүр, бірі Болгарияда, енді бірі Қытайға кетті. Бұл – біз үлкен еңбекпен жинаған сапалы ойыншылар еді. Қазір біз бар ойыншыларға сенеміз. Өйткені қазіргі жағдайды ескерсек, жазға дейін жаңа ойыншыларды тіркей алмайтын сияқтымыз», — деді ол.
Сондай-ақ бапкер клубтағы инвесторлар мен демеушілерге қатысты нақты ақпараттың жоқ екенін атап өтті. Бұл мәселе клуб басшылығының құзырында екенін жеткізді. Оның сөзінше, «Астана» тарихында трансферлік кезеңде ойыншы ала алмаған жағдай бұрын болмаған.
Соған қарамастан, бапкер қазіргі құрамға сенім артатынын айтты. Әсіресе жас ойыншылар үшін бұл өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
Маусымдағы мақсатқа қатысты Григорий Бабаян нақты міндет қойылмағанын, команда әр ойынды жеке қарастыратынын жеткізді.
Сондай-ақ ол футболдағы қаржыны тиімді пайдалану қажеттігін айтып, жүйесіз жұмыс үлкен мәселелерге әкелуі мүмкін екенін ескертті. Мысал ретінде Ресейдің «Анжи» клубындағы жағдайды келтірді.
Бапкердің пікірінше, инвесторлар қысқа мерзімге емес, ұзақ мерзімді жоспармен келуі тиіс. Өйткені мемлекеттік қаржыландыру азайып, клубтар жеке инвестицияларға тәуелді бола бастаған.
Ал Самұрық-Қазына қорына қатысты ол қаржыландыру толық тоқтамағанын, белгілі бір деңгейде жалғасып жатқанын айтты.
