Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарКүрес

Қазақстан балуандары Анталиядағы халықаралық турнирде жоғары нәтиже көрсетті

Қазақстан күрес федерациясының Баспасөз қызметі

Түркияның Анталия қаласында өткен Victory Cup халықаралық турнирінде Қазақстанның U17 және U20 жас санаттарындағы балуандары табысты өнер көрсетті. Жиырмаға жуық елден 800-ден астам спортшы қатысқан додада отандастарымыз жалпы 8 алтын, 9 күміс және 16 қола медаль жеңіп алды.

Алдымен бозкілемге шыққан U17 құрамасы ерекше көзге түсіп, күрестің үш түрі бойынша да жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Грек-рим күресінде қазақстандық балуандар 3 алтын, 1 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды. Жаңажол Қуанышбек (51 кг), Асқар Нұрали (60 кг) және Төлеш Марлен (65 кг) өз салмақтарында чемпион атанды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болып, Әзербайжан екінші, Түркия үшінші орын алды.

Еркін күресте де отандастарымыз үздік нәтиже көрсетті. Бақдәулет Ағабек (48 кг), Темірлан Мұрат (55 кг) және Әділет Рысбай (71 кг) алтын медаль жеңіп алды. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен бірінші орынды иеленді.

Әйелдер күресінде Інжу Баққожа (46 кг) мен Бағжан Құрманбай (73 кг) алтын жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, команда қоржынына 5 күміс және 4 қола медаль түсті. Осылайша, Қазақстан құрамасы бұл бағдарламада да жалпыкомандалық есепте көш бастады. Түркия екінші, Қырғызстан үшінші орынға тұрақтады.

U20 жас санатында да қазақстандық балуандар жүлделі орындарға ие болды. Грек-рим күресінде Әмірмұхаммед Қабулов (55 кг) алтын медаль жеңіп алса, Алпамыс Болатұлы (60 кг) мен Еркебұлан Анапия (82 кг) күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар, бірнеше спортшы қола медаль иеленіп, команда жалпы есепте үшінші орынға жайғасты.

Еркін күресте Асхаб Хаджиев (86 кг) чемпион атанды. Ерхан Әбіл (79 кг) мен Дінмұхаммед Қасымбек (86 кг) қола жүлдеге ие болды. Бұл бағдарламада Қазақстан құрамасы бесінші орын алды.

Ал әйелдер арасында Анна Стратан (57 кг) мен Ұлдана Тілеухан (68 кг) алтын медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, қазақстандық балуандар 5 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды.

Осылайша, Анталиядағы халықаралық турнирде Қазақстанның жас балуандары жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатты.

Ұқсас жаңалықтар

Дастан Сәтпаев «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды

Redaktor

Сүйінші хабар! Қазақстандық жас теннисші ITF турниріндегі алғашқы жеке жеңісіне жетті

Redaktor

«Бізге креатив жетіспеді»: Талғат Байсуфинов Фарер аралдарынан жеңілу себебін түсіндірді

Redaktor