Шымкент қаласында өтіп жатқан UEFA Даму кубогы аясында Қазақстанның 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы алғашқы ойынында Пәкістан U-16 командасын сенімді түрде жеңді.
Кездесу басталған сәттен-ақ қазақстандық футболшылар ойын тізгінін қолға алды. 7-минутта Платон Шипицин пенальтиден есеп ашты. Бірінші тайм барысында отандастарымыз қарсылас қақпасына тағы үш рет дәл соққы жасап, айқын басымдыққа ие болды. Гол авторлары – Әнуар Төленді, Давид Заречный және Данияр Қаси.
Екінші таймда Пәкістан құрамасы 88-минутта бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартқанымен, матч нәтижесіне әсер ете алмады. Қорытынды есеп – 4:1, Қазақстан U-16 құрамасының пайдасына.
Келесі ойынын Қазақстан U-16 құрамасы 27 сәуір күні сағат 15:30-да Әзербайжан құрамасына қарсы өткізеді.
Айта кетейік, бұл турнир 2026 жылдың сәуір айының соңы мен мамыр айының басында Шымкент және Талғар қалаларында өтуде. Жарысқа ұлдар және қыздар арасындағы жасөспірімдер құрамалары қатысып, халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады.
Шымкенттегі турнирде Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Пәкістан құрамалары бақ сынаса, Талғарда қыздар арасындағы бәсекеде Қазақстан, Израиль, Эстония және Өзбекстан командалары өнер көрсетеді.
Матч нәтижесі:
Қазақстан U-16 – Пәкістан U-16 – 4:1 (4:0)
Голдар: Шипицин 7 (п), Төленді 21, Заречный 30, Қаси 45 – Самад 88
