Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров әлеуметтік желідегі Threads парақшасында қаржыландыру мәселесі мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері куәлігін алу төңірегіндегі талқылауларға қатысты мәлімдеме жасады.
Спортшы өз атына қатысты шындыққа жанаспайтын ақпараттардың таралуына байланысты жағдайды көпшілік алдында түсіндіруді жөн көргенін айтты.
Шайдоров ең алдымен өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты.
«Барлық қазақстандықтарға қолдаулары мен бейжай қарамағандары үшін алғыс айтқым келеді. Әлеуметтік желілердегі жазбалар, жеке хабарламалардағы жылы лебіздер мен тілектеріңізді өте жоғары бағалаймын. Сенімдеріңіз мен үшін көп нәрсені білдіреді.
Кейбір мәселелерді жария түрде айтпайынша шешу мүмкін емес екеніне өкініш білдіремін. Қандай да бір органдармен дауласып, тартысқа түскім келмейді, бірақ өз атымды көпшілік алдында қаралауға жол бере алмаймын.
Бүгінде маған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі әлі тапсырылған жоқ. Мен бұл нормативті 2025 жылы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған кезде орындадым. Қажетті рәсімдердің барлығынан өттім, алайда куәлікті әлі алған жоқпын. Маған қызыл кілем төселген салтанатты рәсімнің қажеті жоқ, қажет болса куәлікті пошта арқылы да қабылдаймын. Бұл куәлік – он жылдық еңбегімнің нәтижесі, менің жетістігім мен мұрам», – деп жазды спортшы.
Еске салайық, бұған дейін Шайдоров журналист Тимур Балымбетов жүргізетін бағдарламада келесі маусымға дайындық мәселесіне қатысты алаңдаушылығын білдірген еді.
«Осы туралы сын айтқаннан кейін мені жазалағысы келген сияқты. Жеңісімнен бері жалақы алмай жүрмін. Қазір келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ қалай дайындалатынымды түсінбеймін», – деген болатын спортшы.
Оның айтуынша, алда оқу-жаттығу жиындары мен жаңа бағдарламаларды қою жоспарланғанымен, қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеген.
Ал Қазақстан Республикасының Спортты дамыту дирекциясы спортшының 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы төлемдері қолданыстағы келісімшарт аясында толық көлемде төленгенін мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, наурыз айынан бастап тараптар Олимпиада циклінің келесі кезеңіне арналған жаңа келісімшартқа қол қоюы тиіс болған. Құжатта спортшының Миландағы Олимпиада ойындарындағы жетістіктерінен кейін жаңартылған қаржыландыру шарттары қарастырылған.
Сондай-ақ дирекция жаңа келісімшарт талаптары әлі де талқыланып жатқанын және мұндай тәжірибе ұлттық даярлық жүйесіндегі барлық спортшыларға қолданылатынын атап өтті.
