Қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаев Англияға барып, Лондонның «Челси» клубының маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынына қатысады.
The Athletic басылымының журналисі Саймон Джонсонның мәліметінше, алматылық «Қайраттың» тәрбиеленушісі «Челсидің» негізгі құрамымен бірге дайындық жұмыстарын бастайды. Бұл жас футболшының ағылшын клубындағы алғашқы маңызды қадамы болмақ.
Еске салайық, «Қайрат» пен «Челси» Дастан Сәтпаевтың трансфері бойынша келісімге 2025 жылдың ақпан айында келген болатын. БАҚ мәліметінше, трансфер құны шамамен 4 миллион еуроны құрады. Футболшы 2026 жылдың 12 тамызында 18 жасқа толған соң ресми түрде «Челсидің» ойыншысы атанады.
Англияға аттанғанға дейін Сәтпаев «Қайрат» сапында өнер көрсетіп, Қазақстан ұлттық құрамасында дебютін жасап үлгерді. Енді ол әлемнің ең танымал клубтарының бірінде өзін дәлелдеуге мүмкіндік алады.
