Beksports спорт порталы
БоксЖаңалықтар

Төрехан Сабырхан Азия ойындарына қатыспауы мүмкін бе?

ҰОК

Қазақстандық бокстың жас жұлдызы, әлем чемпионы Төрехан Сабырхан Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындарына қатыспай қалуы мүмкін.

Азия ойындары 19 қыркүйекте басталады. Алайда Қазақстан бокс федерациясы ерлер құрамасының нақты тізімін әлі жариялаған жоқ. Әсіресе 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын кім қорғайтыны қызу талқылануда. Бұл салмақта басты үміткерлер – Төрехан Сабырхан мен Абылайхан Жүсіпов.

Қос боксшы да былтыр әлемдік деңгейде топ жарды. Шымкенттік Төрехан Сабырхан Ливерпульде World Boxing аясында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ал Қарағанды облысының өкілі, 29 жастағы Абылайхан Жүсіпов желтоқсанда Дубайда IBA ұйымдастырған әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

2026 жылы Төрехан Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатының финалында иорданиялық Зияд Ешаашқа есе жіберіп, ересектер арасындағы мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Ал Жүсіпов Қытайда өткен әлем кубогының екінші кезеңінде жеңіске жетті.

Осы жағдайдан кейін Төрехан Сабырханның бапкері Ілияс Оралбеков әлеуметтік желіде шәкіртінің Азия ойындарына қатысуына қатысты пікір білдіргені хабарланды.

«Неліктен әлемнің №1 боксшысы Азия ойындарына қатыспайды? Мансабындағы жалғыз жеңілісі үшін бе?» – деген жазба бапкерге тиесілі парақшада жарияланғаны айтылды.

Кейін бұл жазба өшірілген. Қазіргі уақытта Оралбековтің Instagram парақшасында аталған мәлімдеме жоқ. Дереккөз мәліметінше, жазба бастапқыда жарияланып, кейін алынып тасталған.

Осылайша, Төрехан Сабырханның Азия ойындарына нақты қатысатыны немесе қатыспайтыны әзірге ресми түрде расталған жоқ. 70 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан кімнің шаршы алаңға шығатыны ұлттық құраманың түпкілікті құрамы жарияланғаннан кейін белгілі болады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақ қызы халықаралық шебер атағын жеңіп алды

Redaktor

Саматәлі Төлтаевтың дисквалификациясы аяқталды

Redaktor

Қазақстандық футболшылардың жалақысы көтерілмек

Redaktor