Бокстан 2026 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионаты жанкүйерлерге тартысты жекпе-жектер мен жарқын жеңістер сыйлады. Әсіресе әйелдер арасындағы 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық кездесу көпшіліктің назарын аударды. Шешуші бәсекеде шымкенттік Элина Базарова қазақ боксының танымал өкілі, әлем чемпионы Назым Қызайбайды жеңіп, ел чемпионы атанды.
Ел біріншілігінің қорытындысы, Жапонияда өткен Азия ойындарындағы қазақстандық боксшылардың өнері, ағайынды Төрехан мен Махмұд Сабырхандардың жетістіктері, сондай-ақ Шымкент бокс мектебінің бүгінгі тынысы мен алдағы мақсаттары туралы Шымкент қалалық бокс федерациясының вице-президенті Сабит Мұхтарұлы әңгімелеп берді.
– Қазақстан чемпионатының қорытындысын қалай бағалайсыз? Шымкент боксшылары қандай нәтижелерге қол жеткізді?
– Қазақстан чемпионатында үздіктер қатарынан көріну – біз үшін үлкен жетістік әрі жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Шымкент бокс мектебі өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Биылғы ел біріншілігінде спортшыларымыз жеті медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, үшеуі – күміс, біреуі – қола. Атап айтқанда, Элина Базарова, Санжарали Бегалиев және Абзал Серік Қазақстан чемпионы атанса, Жансая Рахымберді, Лаура Есенгелді және Бексұлтан Хұжанжар күміс жүлдеге ие болды. Ал Жайна Шекербекова қола медаль жеңіп алды.
Осы нәтижелердің арқасында Шымкент құрамасы еліміздегі үздік үш өңірлік команданың қатарына енді. Бұл – қаламызда қалыптасқан бокс дәстүрінің берік екенін, білікті бапкерлер мен талантты спортшылардың жеткілікті екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Әрбір медальдің артында қажырлы еңбек, күнделікті тынымсыз жаттығу, темірдей тәртіп пен жеңіске деген ұмтылыс жатыр. Сондықтан бұл жетістікті тек спортшылардың ғана емес, бүкіл Шымкент бокс мектебінің ортақ жеңісі деп бағалаймыз.
Осы орайда Ілияс Оралбеков бастаған бапкерлер құрамына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Спортшыларымыздың жоғары деңгейде өнер көрсетуіне жаттықтырушылар штабының қосқан үлесі зор. Сондай-ақ белгілі боксшы, бүгінде «Шымкент қаласының бокс клубын» басқарып отырған Қанат Орақбаевтың еңбегін де атап өткен жөн. Осындай тәжірибелі мамандардың бірлескен жұмысы ғана болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашады.
Шымкент қаласының Жоғары спорт шеберлігі мектебі де спортшыларды кәсіби тұрғыдан даярлауда маңызды рөл атқарып келеді. Бұл мекеме жас таланттардың шеберлігін шыңдап, олардың республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындалуына мүмкіндік береді.
Бүгінде спорт мектептері, клубтар, бапкерлер қауымдастығы және қалалық бокс федерациясы арасында тиімді байланыс қалыптасқан. Соның нәтижесінде жасөспірімдер арасынан көзге түскен талантты боксшылардың жастар құрамасына, одан әрі ересектер деңгейіне көтеріліп, ұлттық құрама сапына қосылуына жағдай жасалып отыр.
Бұл бағытта Шымкент қалалық бокс федерациясының президенті Бауыржан Каримовтың атқарып жүрген еңбегі ерекше. Ол қаламыздағы бокс мектебін дамытуға, спортшылар мен бапкерлерді қолдауға, болашақ чемпиондарды даярлауға қажетті жағдай жасауға айрықша көңіл бөліп келеді.
Бауыржан Бақтыгерейұлының жұмысы тек жарыстардағы нәтижелермен шектелмейді. Оның басты назарында – бокс дәстүрін нығайту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, жас таланттарды қолдау және шымкенттік боксшылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Біз үшін ең маңыздысы – бір реттік жетістікке қол жеткізу емес, тұрақты нәтиже беретін жүйе қалыптастыру. Өйткені бүгінгі жас чемпион – ертеңгі ұлттық құраманың көшбасшысы, ал болашақта Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшы.
Сондықтан федерацияның, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің, спорт клубтары мен бапкерлер қауымдастығының бір мақсат жолында жұмыла жұмыс істеуі аса маңызды. Осындай жүйелі еңбектің арқасында біз республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп қана қоймай, Қазақстанның намысын әлемдік аренада абыроймен қорғайтын боксшыларды тәрбиелей аламыз.
– Жапонияда өткен Азия ойындарындағы Қазақстан боксшыларының өнерін қалай бағалайсыз?
– Ең алдымен, ұлттық құрамамыздың табысты өнер көрсетуімен барша қазақстандықтарды құттықтағым келеді! Екі алтын және үш қола медаль – спортшыларымыздың қажырлы еңбегінің, бапкерлердің кәсіби шеберлігінің және еліміздегі бокс жүйесінің жүйелі жұмысының нәтижесі.
Әсіресе Торехан Сабырханның жеңісін ерекше атап өткім келеді. Ол Жапония төрінде жоғары деңгейдегі бокс көрсетіп, өзінің шеберлігін, тактикалық дайындығын және жеңіске деген жігерін айқын дәлелдеді. Торехан жарысқа нақты мақсатпен барып, сол міндетті абыроймен орындады. Оның алтын медалі – тек жеке жетістік емес, бүкіл қазақ боксының мерейін асырған жеңіс.
Сондай-ақ Айбекті де алтын медалімен шын жүректен құттықтаймын. Мұндай жетістіктер жас спортшыларға үлкен жігер беріп, олардың халықаралық жарыстарда биік мақсаттар қоюына ықпал етеді.
Ал Махмұд Сабырханға келсек, өкінішке қарай, оның жартылай финалдағы жекпе-жегі біз күткен нәтижемен аяқталмады. Дегенмен спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ең бастысы – әрбір кездесуден сабақ алып, алға ұмтылу. Махмұдтың тәжірибесі де, шеберлігі де жоғары. Сондықтан бұл нәтиже оның жігерін жасыта қоймайды, керісінше, алдағы ірі жарыстарға бұрынғыдан да тыңғылықты дайындалуына серпін береді деп сенемін.
Жалпы, қазақстандық боксшылардың халықаралық аренадағы жетістіктері елімізде осы спорт түрінің даму деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Алайда бүгінгі табыстарға тоқмейілсуге болмайды. Әлемдік бокста бәсекелестік жылдан-жылға күшейіп келеді. Сондықтан спортшылардың техникалық және тактикалық дайындығын жетілдіру, жас таланттарды анықтау, оларды үлкен спортқа бейімдеу – басты міндеттердің бірі.
Қазіргі таңда Шахмұрат Муталип басқаратын Қазақстан бокс федерациясы осы бағытта ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Спортшылардың сапалы дайындалуына, балалар мен жасөспірімдер боксын дамытуға, ұлттық құраманың резервін қалыптастыруға және боксшыларымыздың беделді халықаралық жарыстарға қатысуына қажетті жағдай жасауға ерекше мән берілуде.
Бұл ретте өңірлік федерациялардың да жауапкершілігі жоғары. Өйткені ұлттық құраманың негізі өңірлердегі спорт мектептерінде қаланады. Болашақ әлем және Олимпиада чемпиондары алғашқы қадамдарын дәл осы жерден бастайды.
Шымкентте де осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беріліп отыр. Қалалық бокс федерациясының президенті Бауыржан Каримов спортшылар мен бапкерлердің қажеттіліктерін жақсы түсінетін, бокс дәстүрін сақтауға және дамытуға ерекше мән беретін басшы ретінде жүйелі жұмыс атқарып келеді.
Бауыржан Бахтыгерейұлы бүгінгі чемпиондарды қолдаумен қатар, жас буынның болашағына да айрықша көңіл бөледі. Себебі үлкен жеңістердің іргетасы балалар мен жасөспірімдер спортында қаланады. Жас боксшыларға дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың қабілетін дер кезінде анықтау, білікті бапкерлермен қамтамасыз ету және сапалы жаттығу жағдайын жасау – болашақ табыстың басты кепілі.
Бапкерлерді қолдау, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, Жоғары спорт шеберлігі мектебі мен клубтардың өзара байланысын күшейту – біртұтас даярлық жүйесінің маңызды бөліктері.
Федерация басшылығы спорт қауымдастығымен тығыз байланыста болып, бапкерлер мен спортшылардың мәселелерін дер кезінде шешуге атсалысса, оның нәтижесі міндетті түрде көрінеді.
Біздің түпкі мақсатымыз – тек Қазақстан чемпионаттарында немесе құрлықтық жарыстарда жүлде алу емес. Ең басты мақсат – Шымкенттен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен чемпиондарын тәрбиелеп шығару. Ол үшін бүгіннен бастап жүйелі жұмыс жүргізіп, жас спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет.
Шымкент бокс мектебінің әлеуеті зор. Бізде қалыптасқан дәстүр де, тәжірибелі бапкерлер де, талантты жастар да бар. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қазақ боксының халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыру. Болашақта шымкенттік боксшылардың Олимпиада тұғырынан көрінетініне сенемін.
