Испанияның Линарес қаласында әйелдер арасындағы 2025 жылғы командалық шахмат әлем чемпионаты мәреге жетті.
Бас жүлде FIDE Team құрамасына бұйырса, Қазақстан 4-орынды иеленді. Финалда жеңілген Әзербайжан шахматшылары күміс, ал Қытай құрамасы қола жүлдегер атанды. Жарысқа Қазақстан құрамасын қоса алғанда 12 құрама қатысты.
3-орын үшін өткен матчта Қазақстан мен Қытай құрамалары кездесті. Алғашқы матчта жеңіліс тапқаннан кейін, екінші матч қалған мүмкіндіктерді пайдаланатын сәт болды. «Қарамен» өткен екі партия тең аяқталса, «ақпен» өткен екі партия жеңіс үмітін тудырды. Өкінішке қарай, цейтнотта Лия Құрманғалиева ештеңеге қол жеткізе алмады, сондықтан тай-брейк өткізілмеді.
Еске салсақ, 2023 жылғы командалық әлем чемпионаты мен 2024 жылғы шахмат Олимпиадасында Қазақстан құрамасы күміс жүлде иеленген еді. Сондықтан 4-орын – біршама әлсіз нәтиже болып саналады.
