Жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Азия чемпионы және Ислам ынтымақтастық ойындарының екі дүркін жеңімпазы Софья Сподаренконың жалақысы негізсіз түрде екі есеге жуық қысқарғаны туралы сөзі қоғамда резонанс тудырды.
22 қарашада Tengri Sport-қа берген сұхбатында спортшы өз жетістіктерінің өңірлік құжаттарда толық көрсетілмегенін атап өтті. Сол себепті оның жалақысы 320 мың теңгеден 194 мың теңгеге дейін қысқартылғанын мәлімдеді.
Даудан кейін Түркістан облысының спорт басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомство өз әрекеттерін заңға сай деп санайтынын айтты. Онда Сподаренконың гидрокостюм алу өтініші қаралғанымен, қаржыландырудың болмағаны себепті жабдық сатып алу мүмкін болмағаны айтылған. Сонымен қатар Ресейге жаттығу жиындары мен сапарлар бекітілген күнтізбелік жоспарға енбегендіктен, оларға қаржы бөлінбегені көрсетілген.
Түркістан облысының әкімдігі де спортшыға оның мәртебесіне сәйкес барлық қажетті қолдау көрсетілгенін хабарлады.
Софья Сподаренко – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан азаматтығын қайта алғаннан кейін облыс оған спорттық мансабын жалғастырып, ресми жарыстарға қатысуға және аймақтық құрамаға қосылуға жағдай жасады. Биыл спортшының нәтижелері жақсарды, – делінген жауапта.
Софья Сподаренко Өскеменде дүниеге келген. Қазақстан азаматтығын қайта алғанға дейін ол ұзақ жылдар бойы Ресей құрамасында өнер көрсеткен.
Ол 2023 жылы 50 метрге баттерфляй жүзуден Қазақстан рекордын жаңартты, 2024 жылы дәл осы қашықтықта Азия чемпионы атанды. 2025 жылы Азия чемпионатында үш қола медаль жеңіп алды. Бұған қоса, Ислам ынтымақтастық ойындарында екі алтын медаль иеленді.
