Екінші орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы, америкалық Теренс Кроуфорд YouTube блогері әрі боксшы Джейк Полмен айқас өткізуге келісім берді.
Happy Punch басылымының мәліметінше, Джервонта Дэвиспен жоспарланған жекпе-жек жүзеге аспаған соң, Джейк Полға шамамен 30 түрлі боксшымен кездесу ұсынылған. Сол тізімде Энтони Джошуа мен Теренс Кроуфорд та болған. Нәтижесінде негізгі келісім Джошуамен жасалғанымен, Кроуфорд бұл ұсынысқа «100% дайын» болғанын жеткізген.
Айта кетейік, қыркүйек айында Кроуфорд Сауль «Канело» Альваресті сенсациялық жеңіп, екінші орта салмақтағы барлық чемпиондық белбеулерді иеленген еді. Осы тарихи жеңістен кейін орта салмақтағы әлемнің біріктірілген чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы америкалық боксшыны ашық түрде жекпе-жекке шақырған.
Алайда жуырдағы сұхбатында Кроуфордтан Жәнібекпен кездесу мүмкіндігі туралы сұралғанда, ол қазіргі уақытта бокстан уақытша демалып, отбасына көңіл бөлгісі келетінін айтып, нақты жауап бермеген.
