Қазақстандық «Ақтөбе» футбол клубы 36 жастағы неміс жартылай қорғаушысы Марко Ройсқа ресми ұсыныс жасаған. Бұл туралы ресейлік инсайдер Иван Карпов хабарлады.
Инсайдердің мәліметінше, тәжірибелі футболшы ұсынысқа қатысты өз шешімін алдағы күндері хабарлауы тиіс.
Марко Ройс кәсіби мансабының басым бөлігін Дортмундтың «Боруссиясында» өткізді. Ол клуб сапында 494 матчқа қатысып, бұл көрсеткіш бойынша команда тарихындағы үздік үш ойыншының қатарына енген. Сонымен қатар Ройс кезінде «Бавария», «Реал», «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити» және «Барселона» сынды алып клубтардың ұсыныстарынан бас тартқан.
Неміс футболшысы «Боруссия» сапында Германия кубогын екі рет, ал Германия Суперкубогын үш мәрте жеңіп алғанымен, Бундеслига чемпионы атана алмады. Дегенмен клубпен бірге жеті рет күміс жүлде иеленген.
Соңғы бір жарым маусымда Марко Ройс АҚШ-тың «Лос-Анджелес» клубында өнер көрсетті. Бұл кезеңде ол 39 матч өткізіп, 9 гол соғып, 12 нәтижелі пас берген.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақтөбе» сапына Португалия құрамасының бұрынғы ойыншысы, Еуропа чемпионы Луиш Нани қосылған болатын.
Нани кәсіби мансабында 617 матч өткізіп, 129 гол соғып, 141 нәтижелі пас берген. Ал Португалия ұлттық құрамасы сапында 111 ойынға қатысып, 24 гол және 24 ассист авторы атанды.
