28 ақпан, сенбі күні Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан халықаралық «Странджа кубогы» турнирінің жартылай финалдық айқастары өтеді. Биыл 77-рет ұйымдастырылып отырған бұл дода Еуропадағы ең көне бокс турнирі саналады және бейресми түрде «кіші әлем чемпионаты» деп аталады.
Бұл кезеңде Қазақстан құрамасының сегіз боксшысы финал жолдамасы үшін рингке көтеріледі. Жекпе-жектер Астана уақытымен күндізгі 17:00-де және кешкі 21:00-де басталады.
Күндізгі сессия әйелдер арасындағы жартылай финалдармен ашылады. 54 келі салмақта А рингінде қазақстандық дерби өтеді: Әнел Сақыш пен Элина Базарова өзара мықтыны анықтайды. 65 келіде Лаура Есенкелді ирландиялық, 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Грейн Уолшпен жұдырықтасады. 75 келіде Валентина Хальзова аустралиялық Эмма-Сью Гринтримен қолғап түйістіреді. Ал +80 келіде Валерия Аксенова болгариялық Алейна Мехмедке қарсы шаршы алаңға шығады. Осы салмақта тағы бір қазақстандық Дина Исламбекова Өзбекстан өкілі Олтиной Сотимбоевамен финал жолдамасын сарапқа салады.
Кешкі сессияда ерлер арасындағы шешуші айқастар өтеді. 50 келіде Даниял Сәбит Азия чемпионы, өзбекстандық Асилбек Жалиловпен кездеседі. Бұл – күннің ең принципті жекпе-жектерінің бірі болмақ. Ал 70 келіде Фарух Тоқтасынов өзбекстандық Шавкатжон Болтаевпен қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, биылғы турнирге Қазақстаннан бастапқыда 39 боксшы қатысқан еді. Іріктеу кезеңдерінен кейін олардың сегізі ғана жартылай финалға жолдама алды. Бүгінгі кездесулер нәтижесінде финалға шығатын боксшылардың есімі белгілі болады.
