Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарММА

Екінші операция: Шавкат Рахмоновтың UFC-ге оралуы кемінде 9 айға шегерілді

Фото: instagram.com/shavkatrakhmonov94

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов не себепті ұзақ уақыт бойы октагонға шықпай жүргенін түсіндірді. Спортшы әлеуметтік желідегі Х (бұрынғы Twitter) парақшасында жарақатына байланысты екінші рет ота жасатқанын және UFC-дегі оралуы кейінге қалдырылғанын мәлімдеді.

Рахмоновтың айтуынша, толық қалпына келу үшін оған уақыт қажет.

«Жауынгердің жолы ешқашан оңай болған емес. Өмір бізге жеңе алмайтын қиындықтарды бермейді. Әрбір арманның өз құны бар, кейде ол денсаулықпен байланысты болады. Бүгін шынымды айтсам, жарақатыма байланысты тағы бір ота жасатуға тура келді. Толық қалпына келу үшін уақыт керек. Сондықтан октагонға оралуым кейінге қалдырылды», – деп жазды спортшы.

Ол бұл жаңалықтың өзі үшін де ауыр тигенін жасырмады.

«Мұны қабылдау оңай емес. Бірақ мен әрбір шегіну үлкен жоспардың бір бөлігі екеніне шын жүректен сенемін. Мен бұрынғыдан да күштірек, ақылдырақ және аш болып ораламын. Мақсатым өзгермейді. UFC белбеуін Қазақстанға әкелуім керек. Қандай жағдай болмасын, менімен бірге болған жандардың барлығына рақмет», – деді Рахмонов.

Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық файтердің толық қалпына келуіне кем дегенде 9 ай уақыт қажет.

Айта кетейік, бір күн бұрын жанкүйерлер Шавкат Рахмоновты Алматыда өткен Naiza турнирінде балдақпен жүргенін байқаған. Кейін бұл жағдай оның аяғындағы жарақатпен байланысты екені белгілі болды.

Еске сала кетсек, спортшыға 2025 жылдың мамыр айында операция жасалған. Ұзақ үзіліске қарамастан, Шавкат Рахмонов UFC-дегі ең қауіпті әрі болашағы зор файтерлердің бірі болып қала береді. Ол соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізген.

Ұқсас жаңалықтар

Жамбыл облысында күреске келген 22 спортшы ауруханаға шұғыл жеткізілді

Redaktor

Головкин рингке оралуы жайлы айтты

Redaktor

«Алматы» шабуылшысын қайтарып алды

Redaktor