Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарММА

«Ешқайда кетпеуі тиіс». Шавкат Рахмоновтың әйеліне қатысты сот 16 ақпанда өтеді

Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысында болған адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты іс сотқа өтті. UFC жекпе-жекшісі Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмоноваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді.

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі өз өндірісіне қабылдаған. Судья К.М. Муратовтың қаулысына сәйкес, Гүлайым Рахмонова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айыпталып отыр. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жағдайларды қамтиды.

Соттың хабарлауынша, алдын ала тыңдау 2026 жылғы 16 ақпанда сағат 15:00-де өтеді. Тыңдау Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтеді. Сот процесі қазақ тілінде жүргізіледі.

Сот сондай-ақ айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қолданылған «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» өзгеріссіз қалдырылғанын мәлімдеді.

Апат туралы

Апат 2025 жылғы 27 шілдеде Алматы – Екатеринбург автожолының 296–299 шақырым аралығында, Ақсуйек ауылы маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser 200 көлігін басқарған жүргізуші көлікті игере алмай, жолдан шығып кетіп аударылған.

Көлікте Гүлайым Рахмонова, оның кәмелет жасына толмаған ұлы және екі құрбысы болған. Жол апаты салдарынан екі әйел қаза тапқан. Гүлайым Рахмонова мен оның баласы ауруханаға жеткізіліп, кейін емделіп шыққаны хабарланған.

Қандай жаза қарастырылған

ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейін айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Айта кетейік, бастапқыда Гүлайым Рахмонова куәгер ретінде тергелген, кейін іс ауырлау бап бойынша қайта сараланып, сотқа жолданған.

Ұқсас жаңалықтар

Александр Бублик Индиан-Уэллс турнирінен шығып қалды

Redaktor

Бақбергеновалардың бапкері ұлттық құраманы жаттықтырады

Redaktor

Ішкі істер министрлігі Биволдың бұрынғы жұбайының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады

Redaktor