«Реал Мадрид» клубы жартылай қорғаушылар Федерико Вальверде мен Орельен Тчуамени тәртіптік іс бойынша ішкі шешім қабылдап, әр ойыншыны €500 мың көлемінде айыппұлмен жазалады.
Клубтың ресми мәлімдемесінде футболшылардың тәртіптік істі қараған жауапты тұлғалар алдында түсініктеме бергені айтылған. Екі ойыншы да болған жағдайға өкініш білдіріп, бір-бірінен кешірім сұраған.
Сонымен қатар олар клубтан, командаластарынан, бапкерлер штабынан және жанкүйерлерден кешірім өтінген. Футболшылар клуб қандай шешім қабылдаса да, оны қабылдауға дайын екенін жеткізген.
«Осы жағдайларды ескере отырып, “Реал Мадрид” әр футболшыға €500 мың көлемінде қаржылай айыппұл салу туралы шешім қабылдады», — делінген клуб хабарламасында.
Жанжал қалай басталды?
7 мамыр күні мадридтік клубтың жаттығуы кезінде Вальверде мен Тчуамени арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Кейін бұл жанжал киім ауыстыратын бөлмеде төбелеске ұласқаны хабарланды.
Қақтығыс салдарынан уругвайлық жартылай қорғаушы Федерико Вальверде басынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілгені белгілі болды.
Қазіргі таңда клуб ішкі тәртіптік процедураны толық аяқтағанын мәлімдеді.
