Астанада «Семей өңірінің балуандары мен бапкерлері» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, ұлттық спорт тарихындағы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Еңбекті құрастырушылар – идея авторы Сырым Хасенов пен Өмірзақ Сұлтанов. Кітаптың жарық көруіне грек-рим күресінен қазақтың мақтанышы, Олимпиада ойындарының жүлдегері, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов қолдау көрсетсе, белгілі кәсіпкер Әсемқан Досқожанов қаржылай демеушілік жасаған.
Парламент Мәжілісінің қабырғасында өткен салтанатты жиынға Мәжіліс пен Сенат депутаттары, спорт ардагерлері, журналистер, жазушылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Шара барысында сөз сөйлеген Дәулет Тұрлыханов кітаптың маңыздылығына тоқталып, бұл еңбек бұрынғы Семей өңірі, қазіргі Абай облысының спорт тарихын жүйелеген құнды жинақ екенін атап өтті.

«Бұл еңбек бір өңірде балуандық өнердің тарихи аясынан шығып, республикалық күрес тарихының сүбелі бір бөлігін құрайды. Осы кітаптағы әр балуан мен бапкердің өмір жолынан көп ой түйіп, тағылым алуға болады. Мұндағы жинақталған балуандар тарихының келешек ұрпаққа да ұлағаты мол болатынына сенімдімін», — деді даңқты бауан Дәулет Тұрлыханов.
Кітапта республикалық және халықаралық деңгейде жетістікке жеткен балуандар, тәжірибелі бапкерлер, төрешілер мен күрестің дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы тың деректер мен тарихи материалдар жинақталған.

Салтанатты іс-шараны белгілі қаламгер әрі спорт тарихын зерттеуші Қыдырбек Рысбек жүргізді. Жиында Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов, Болат Керімбек, Ардақ Назаров және Сенат депутаттары Қайрат Тастекеев пен Амангелді Есбай сөз сөйлеп, кітап авторларының еңбегіне жоғары баға берді.

Семейден шыққан әлемдік деңгейдегі балуандар
Кітапта Семей өңірінен шыққан грек-рим, еркін күрес, самбо, дзюдо және қазақ күресінің саңлақтары кеңінен қамтылған.
Грек-рим күресінде өңірдің абыройын асқақтатқан тұлғалардың қатарында Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Әсет Мәмбетов, Азияның үш дүркін чемпионы Алмат Кебісбаев, Азия чемпионы Досжан Қартықов, халықаралық ареналарда ел намысын қорғаған Дархан Баяхметов, Нұрсұлтан Тұрсынов және басқа да саңлақтар бар.
Еркін күрес тарихында Қабден Байдосовтың орны ерекше. Ол 1957 жылы еркін күрестен Қазақстаннан шыққан алғашқы КСРО спорт шебері атанып, кейін Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарды. Оның шәкірттері қатарынан республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушылары Тұрарбек Мағажанов пен Нұрғали Рахманқұлов өсіп шықты. Осындай мықты мектептің жемісі ретінде Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыровтың есімі алтын әріппен жазылды.
Дзюдо спортында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов, Азия чемпионы Гүлжан Исанова және халықаралық жарыстардың жеңімпазы Еркебұлан Қосаев өңір спортының мерейін үстем етті.
Ал самбо күресінің тарихында Ақсуат өңірінің тумасы Марат Имашев ерекше орын алады. Ол қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері ретінде ұлттық спорт шежіресінде мәңгі қалды.
Қазақ күресінің алтын бесігі
Бүгінде қазақ күресі әлемдік деңгейде дамып келеді. Әлем және Азия чемпионаттары өткізіліп, ұлттық күресіміз бірнеше құрлыққа тарады. Осы жетістіктердің қатарында Абай облысынан шыққан балуандардың да үлесі зор.
Әсіресе, халық арасында кең танылған «Қазақстан Барысы» турнирінде семейлік балуандардың жетістігі ерекше. Турнир тарихында Айбек Нұғымаров екі мәрте жеңімпаз атанса, Мұхит Тұрсынов, Дәурен Нұралинов және Ерсін Қажыбаев та бас жүлдені иеленіп, өңірдің күрес мектебінің қуатын дәлелдеді.
