Танымал журналист Әлия Құдайбергенова қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова туралы көпшілік біле бермейтін ой-толғамымен бөлісті. Бұл жөнінде ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, марқұм актердің отбасындағы рухани бірлік пен сыйластыққа ерекше тоқталды.
Журналистің айтуынша, Бағдат апай Асанәлі Әшімовті тек өмірлік серік ретінде емес, оның тағдырымен, басынан өткен ауыр мұң-қасіретімен қоса қабылдай білген жан.
«Бағдат апай Асанәлі ағаны тағдырымен, мұң-қасіретімен бірге қабылдады. Ол кісі өмірінің соңына дейін ағаға қызмет етті. Ұлы Олжас пен қызы Сағинаны, Мәди мен Сағидан тараған немере-шөберелерін өз баласындай көріп, ешқашан алалаған емес. Өзінен туған ұлы Асанәліден де кем санамады», – деп жазды журналист.
Сондай-ақ ол марқұм Майра апайды Бағдат ханымның әрдайым «Майра әпке» деп құрметпен еске алып, әруағына тағзым еткенін атап өтті. Әулет ішіндегі бауырмалдық пен сыйластықты сақтауда Бағдат апайдың еңбегі зор болғанын жеткізді.
Әлия Құдайбергенова Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу сәтін де еске алды. Сол күні Бағдат апайдың жанында қызы Сағина қолынан ұстап, жұбатып тұрғанын, немерелері мен келіндері де қасынан табылғанын айтты. Кейбір желі қолданушылары «ұлы мен қызы неге көрінбеді?» деп пікір жазғанын да тілге тиек етті.
«Оларды ешқашан жасырған емес. Бағдат апай сұхбаттарында үнемі ашық айтып жүрді. Жасыратын ештеңесі жоқ», – деді журналист.
Оның сөзінше, бүкіл Әшімовтер әулеті Бағдат апайды ерекше қадірлейді. Себебі ол Асанәлі ағаның жүрегіне тағы да мұң артпау үшін, оның бар қасіретін әулет бірлігімен жеңілдетуге тырысқан.
Айта кетейік, марқұмды еске алуға арналған, 800 адам жиналған аста Бағдат апай сөз сөйлеп:
«Асеке, рухың шат болсын. Әшімовтер әулетіне әлі де қызмет ете беремін», – деген.
Журналист бұл сөздің салмағы ауыр екенін атап өтіп, «көз жетпеген дүниеге төрелік айту артық» екенін жеткізді.
