Танымал продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқанова журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен ажырасу процесі және сол кезеңдегі психологиялық күйі туралы алғаш рет ашық бөлісті.
«Он төрт жыл үмітпен күтіп жүрдім»
Әнші отбасын сақтап қалу үшін ұзақ уақыт тырысқанын айтады. Оның сөзінше, ажырасу туралы шешім бірден қабылданбаған.
«Он төрт жылға созылудың себебі – үзілмеген үміт. Бес балам бар, отбасымның бұзылғанын қаламадым. Бір күні Тұрсынбектен «Сонымен не істейміз, ажырасамыз ба?» деген смс келді. Ол менің бірінші қадам жасағанымды қалаған сияқты. Себебі оны бес саусағымдай білемін. Сөйтіп, бірінші арыз жазуға тура келді», – деді Мұқанова.
«Жүрегім қан жылады»
Мөлдір Мұқанова сол қиын кезеңде қатты күйзелгенін жасырмады.
«Маған өте ауыр болды. Жүрегім қан жылады. Алғашында «бәрін бірге жасадық қой» деген сөздері мені тоқтататын. Бірақ кейін ол үйден жиі кетіп қалатын болды», – деді ол.
«Тұрсынбек – жақсы әке»
Дегенмен продюсер бұрынғы жұбайы туралы жылы пікір білдірді. Оның айтуынша, Тұрсынбек Қабатов балаларына әрдайым жауапты әке бола білген.
«Тұрсынбек – жақсы әке. Бірақ мен күйеуі бар адаммын ба, жоқпын ба, соны түсінбей қалдым. Бұл тек екеуміздің тағдырымыз емес, балаларымыздың да өміріне әсер етті. Сол үшін шешім қабылдауға тура келді», – деді әнші.
