Қазақ өнерінің тарихында қысқа ғұмыр кешіп, ұзақ із қалдырған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Қазақстан және КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің ұлы, талантты актер Сағи Әшімов.
Ол небәрі 38 жыл ғана өмір сүрсе де, театр мен кино тарихында өшпес із қалдырды. Оның сомдаған рөлдері, әсіресе Шоқан Уәлиханов бейнесі – қазақ киносының алтын қорына енген туындылардың бірі.
Сағи Әшімов – тек белгілі актердің баласы ғана емес, өз жолын, өз қолтаңбасын қалыптастырған дара тұлға. Алайда сахнадағы жарқын бейненің артында көпшілік біле бермейтін ауыр еңбек, ішкі тартыс пен тағдырдың тосын сынақтары тұрды.
Соңғы сұхбаттағы шынайы сыр
Әлеуметтік желі қолданушысы Әсет Ақмолда актердің 1999 жылы 8 сәуірде журналист Айнаш Мәукенқызына берген соңғы сұхбатын жариялап, Сағи Әшімовтің болмысын жаңа қырынан ашты. Бұл сұхбат – актердің өмірге, өнерге, отбасы мен тағдырға деген көзқарасын айқын көрсететін құнды дерек.
Сұхбатында Сағи жақын ағасы Мәди Әшімовтің қайтыс болғанын ауыр қабылдағанын айтып, өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі екенін жеткізеді. Сол кездің өзінде актер өнерден тыс тіршіліктің де жауапкершілігін арқалап жүргенін жасырмайды. Ол нарық заманына бейімделіп, қосалқы кәсіппен айналысқанын, «Майымхан» атты кафені ағасының көмегімен ашқанын айтады.
«Қазіргі нарық жағдайында қосалқы кәсіп қажет. Өнер адамын да өмір қамыты айналып өтпейді», – дейді актер.
Тимур Сабировтың көлеңкесінде қалған Сағи
Көпшілік Сағи Әшімовті «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясындағы Тимур Сабиров рөлі арқылы жақсы таниды. Актердің өзі де халықтың оны кейде кейіпкерімен шатастыратынын жасырмайды. Бірі қолтаңба сұраса, енді бірі рөлдегі мінезі үшін балағаттап жататынын да ашық айтады.
Соған қарамастан, Сағи бұл рөлді өзінің актерлік жолындағы маңызды белес ретінде қабылдаған. Ол Тимур бейнесін өмірге жақындатуға тырысқанын, кейіпкерге адамгершілік қыр қосқанын атап өтеді. Ал өмірде өзін көңілді, көпқырлы, кейде авантюрист, кейде романтик адам ретінде сипаттайды.
Отбасы – өмірінің тірегі
Сағи Әшімов үшін отбасы ерекше құндылық болған. Жұбайы Сәнімгүл – шаштараз, егіз балалары Майра мен Аңсардың есімін атасы Асанәлі Әшімовтің өзі қойған. Майра – әжесінің құрметіне қойылған есім, ал Аңсар – көптен күткен перзенттің белгісі.
Актер әке атануды өміріндегі ең үлкен бақыттардың бірі санайды. Балаларына деген махаббаты оның сұхбатынан анық сезіледі.
Актер болуды армандамаған бала
Сағи бала кезінен өнер ортасында өскен. Алайда ол әуелде актер болуды мақсат етпеген. Әкесі түсірілім алаңына, анасы гастрольге алып жүретін ортада тәрбиеленсе де, бұл жолды саналы түрде таңдағанын айтады.
Әшімов әулетінде сегізге жуық халық әртісі бар. Осындай ортаның өзі оның тағдырын өнерге жақындатқаны анық. Дегенмен Сағи өз өміріне риза екенін, тағдырын қабылдайтынын айтады.
Ана бейнесі – өмірлік идеал
Сағи Әшімов үшін әйел затының идеалы – анасы Майра Әшімова. Ол ананың әке өнері үшін өз жолын құрбан еткенін, Асанәлі Әшімовтің тұлға болып қалыптасуына анасының еңбегі зор екенін ерекше атап өтеді.
«Әкем өзін анама мәңгілік қарыздармын деп есептейді», – дейді ол.
Әкенің күнделігіндегі ауыр ойлар
Асанәлі Әшімов ұлы Сағидың актерлік жолына бастапқыда күмәнмен қарағанын күнделіктерінде жасырмайды. Актерлік өнердің ауыр жүк екенін, ортанқол актер болғаннан гөрі болмағаны артық екенін айтқан.
Әкесі ұлының Шоқан рөлінен кейін қатты өзгергенін, актер ретінде шыңдалғанын байқайды. Бірақ дәл осы Шоқан бейнесі Сағидың тағдырына ерекше салмақ салғандай әсер қалдырады.
«Сағи Шоқанды сомдап, Шоқан тағдырын құшқан актер», – деген Әмір Смайыловтың сөзі бекер емес.
Шоқан рөлі – тағдырмен бетпе-бет
Сағи Әшімов 22 жасында Шоқан Уәлихановтың рөлін сомдап, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл – жас актер үшін үлкен жетістік еді. Алайда бұл рөл оңай келген жоқ. Әкесі режиссер ретінде ұлына ерекше талап қойып, оны қатты қинағанын кейін өкінішпен еске алады.
Түсірілім кезінде Сағи күніне 4–5 сағат қана ұйықтап, 8 келі салмақ тастаған. Бұл рөл оның жанын да, тәнін де әбден қажытқан.
Үзілген арман
Әке мен баланың бірге ойнайтын үлкен жобасы да болған. Сценарий бойынша бірі – Арал теңізінде қалған кеменің капитаны, екіншісі – ғарышкер. Бірақ бұл арман жүзеге аспай қалды.
Сағи Әшімовтің өмірі 38 жасында аяқталды. Ал Шоқан Уәлиханов 30 жасында дүниеден өткен. Бұл сәйкестік көпшілікті ойландырады.
